Жаңалықтар

16 қыркүйек 2015
Елбасы Қазақстан мен Ресейдің ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумының жалпы отырысына қатысты

 

Шараға сондай-ақ Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің мүшелері, өңірлердің басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде В.Путинге шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтып, Қазақстан тарапы форумға зор мән беретінін атап өтті.

Елдеріміз арасындағы тауар айналымының негізгі көлемі өңірлер арқылы іске асырылады. Бұл дәстүрді әсіресе қазір, әлемдік дағдарыстың әсерін сезініп отырған кезде жалғастыру қажет. Шараның болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеп, пайда әкелетін, гипержобаға айналған Сочиде өтуінің символдық нышаны бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сондай-ақ әлемдегі ең тұрақты валюта азық-түлік екенін атай отырып, форум тақырыбының маңыздылығын айтты.  

Біздер аграрлық-өнеркәсіптік елдерміз, сәйкесінше осы салада зор мүмкіндіктеріміз бар. БҰҰ деректері бойынша, 2050 жылға қарай Жер бетіндегі халық саны 9 миллиард адамға жетеді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі бұдан әрі қарай жаһандық дамудың өзекті мәселесіне айналады. Қазақстан мен Ресей баға жетпес байлыққа – жалпы аумағы 435 миллион гектар ауқымды ауыл шаруашылығы жерлеріне, іргелі аграрлық ғылым тәжірибесіне ие болып отыр. Табиғи-климаттық аймақтардың әралуандылығы, топырақтың құнарлылығы бізге көптеген аграрлық сала бойынша бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің агроөнеркәсіп кешені бірегей экспорттық әлеуетке ие екенін айтты.

Қытай, Үндістан, Каспий маңы мен Орталық Азия елдерінің жиынтық импортының өзі ғана 170 миллиард АҚШ долларынан асады. Біздің елдеріміздің әлемдік азық-түлік нарығында жетекші рөлге ие болу үшін қажетті әлеуеті бар. Ресей қазірдің өзінде астық экспорты бойынша әлемде үшінші орын алады. Бүгінде біздің ел де осы нарықтың бір бөлігі болып саналады,  – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде аграрлық саланың мүмкіндіктері  толық пайдаланылмай отырғанын да айтты.

Біздің елдерімізге сүт өндірісінің тек 6 пайызы, сиыр етінің 3 пайызы тиесілі. Еңбек өнімділігі Канада мен Қытайға қарағанда 8-10 есе төмен. Қазір жағымсыз экономикалық үрдістер елдеріміздің дамуына кері әсер етіп отыр. Сонымен бірге бұл жағдай өсімнің, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы өсімнің ішкі резервтерін ашуға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті елдеріміздің аграршылары мен өңдеушілері арасындағы өндірістік кооперацияны кеңейту қажеттігіне назар аударды.

Бүгінде елдеріміз Еуразиялық экономикалық одақта болса да,  аграрлықтардың жұмысы әрқилы екенін байқап отырмыз. Ресей 1,5 миллион тонна ет импорттайды, соның ішіндегі 600 мың тонна сиыр етін үшінші елдерден әкеледі. Қазақстан қазір осы нарықты игеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, өйткені бізде мал шаруашылығы саласында зор әлеует бар. Республикамыз қазір жылына 4 мың тонна сиыр етін өндіреді. Біз бұл көрсеткішті ұлғайтуға дайынбыз. Еліміздің оңтүстігінен жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін Ресей нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға қажетті айтарлықтай ресурс бар және біз Түркиядан, Польшадан, Қытайдан келетін импортты алмастыра аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір басымдық ретінде өнімнің құрамын нақты айқындау тұрғысынан жаңа стандарттар мен техникалық регламент талаптарын әзірлеу мәселесіне тоқталды. 

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығында инновациялар енгізудің маңыздылығын да атап өтті.

Аграрлық сектор жаңғыртуды, озық технологиялар енгізуді қажет етеді. Израильді мысалға келтірейін, бұл елдің іс жүзінде құнарлы жері жоқ болса да, әлемдік нарыққа жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін шығарады. Сондықтан елдеріміздің ауыл шаруашылығы министрліктері бірлескен агроинновация орталықтарын құру мәселесін ойластырғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара инвестициялар, трансшекаралық бірлескен кәсіпорындар  құру, өндірістік тізбектер түзу, сапалы көлік-логистика инфрақұрылымын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын айтты.

Қазақстан Ресей арқылы өтетін Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі құрылысын аяқтауға таяды. Осының арқасында біз азық-түлік жеткізу мөлшерін ұлғайту жөніндегі орталықтар құра алар едік. Бұл үшін Еуразия даму банкінің ресурстарын пайдалануға болады. Мәселен, банктің биыл қаржыландырған 12 жобасының 10-ы ауыл шаруашылығына тиесілі, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтан артықшылық алу және мүше елдердің экономикалық мүдделерін бірлесіп қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.

Қазір ЕАЭО күрделі кезді бастан өткеруде, тауар айналымы 20-25 пайызға төмендеп кетті. Бірақ мәселе интеграцияға емес, сыртқы ықпалдарға, соның ішінде әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа байланысты болып отыр. Біз қиын кезеңді еңсеруге тиіспіз. Кез келген дағдарыстан соң өсім болады, сондықтан тың серпіліске дайындалуымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар