Жаңалықтар

15 қазан 2007
Бүгін Тегерандағы Иран Ұлттық кітапханасының кіреберісіндегі бас аллеяға қазақ халқының ұлы ойшылы Абайдың мүсіні орнатылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Тегерандағы Абайдың мүсінін орнататын бұл орын кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Иранның ұлттық кітапханасы Қазақстанмен берік мәдени байланыстар орнатқан. Осы жылғы қыркүйектің соңында Қазақстан Ұлттық ғылыми кітапханасы мен Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Иранда болып, осы елдің Ұлттық кітапханасының құрылымымен және қызметімен танысып қайтқан. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қорына иран кітапханасында сақталып жатқан қолжазбалар тізімі тарту етілді.


Сол кезде екі ұлттық кітапхананың басшылары сирек қолжазбаларды қалпына келтіру, сақтау, электрондық тізбе құрастыру, ақпарат алмасу, қазақстандық мамандардың сирек кітаптар қоры жөніндегі курстарға қатысуы туралы шешім шығарған болатын.


Мүсінді ашу рәсімінен кейін Мемлекет басшысы қазақ диаспорасының өкілдерімен бейресми жағдайда әңгімелесті.


Президент сондай-ақ абайтану кабинетін аралап көріп, Иранның Ұлттық кітапханасына қолтаңбасы қойылған парсы тіліндегі өзінің «Қазақстан жолы» кітабын тарту етті.


Сол күні Президент Н.Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының діни көшбасшысы Аятолла А.Хамнеидің кездесуі болып өтті.


Мемлекет басшысының Иранға ресми сапарының бағдарламасын Қазақстан Елшілігі ғимаратында өтетін бірлескен қазақстан-иран экономикалық жобаларының тұсаукесері аяқтайды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар