Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

10 мамыр 2007
Бүгін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келді.

big-01.jpg

big-02.jpg

«Ақорда» резиденциясында болған ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин шағын құрамда екіжақты ынтымақтастықтың бірақатар мәселелерін талқылады.


Әңгіме барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы отын-энергетика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты аталып өтті. Тараптар алдағы іс-қимыл бағыттарын айқындап, проблемаларды шешу жолдарын белгіледі. Сондай-ақ өзге де бірқатар салалардағы, атап айтқанда, ғарышты бірлесіп игеру және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.


Мемлекет басшысы сондай-ақ біздің елдер мүше болып табылатын өңірлік көпжақты құрылымдардың қызметі жөніне пікір алмасты.


Бұдан кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтіп, онда екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі салалары қаралды.


Негізінен онда Қазақстанның “Бургас-Александрополис” құбыры жобасына қосылу мүмкіндігі, КТК құбырының өткізгіш қуатын арттыру және Орынбор мұнай өңдеу зауыты базасында бірлескен кәсіпорын құру мәселелері талқыланды.


Сонымен қатар “Байқоңыр” ғарыш айлағын пайдалану, Байқоңыр қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендер тұрғындарының әлеуметтік проблемалары, ресейлік сегментте қазақстандық ғарышкерлердің халықаралық ғарыш стансасымен ұшу жайы да қарастырылды. ГЛОНАСС жаһандық навигациялық спутник жүйесі жобасы аясында бірлескен жұмыстарды жеделдету ұсынылды.


Бүгінде және болашақта Қазақстан мен Ресей арасында көлік-транзиттік инфрақұрылымын дамытудың маңызы зор. Келіссөзде осыған байланысты Каспий және Азов-Қара теңіз бассейнінде су-көлік құрылымының құрылысын салу мүмкіндігі де қарастырылды. Мемлекет басшылары бұған қоса Қазақстан мен Ресейдің шекаралас жатқан өңірлері басшыларының кезекті форумын өткізудің ерекше маңызды екендігін атап өтті. Кезекті форум үстіміздегі жылдың күзінде Новосібір қаласында өтеді деп жоспарланған. Экономикалық проблемалардан басқа, екі елдің мәдени-гуманитарлық, әсіресе білім мен ғылым, медицина салаларындағы ынтымақтастығын жандандыру мәселесінің маңызы аталып өтті.


Келіссөздер аяқталғаннан кейін Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің 2007-2008 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады, онда екіжақты ынтымақтастық шеңберіндегі нақты жобалар, оларды жүзеге асыру мерзімі және тараптар жағынан жауапты орындаушылар белгіленді.


Сондай-ақ уран байыту жөніндегі халықаралық орталық құру туралы, сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.


Бірлескен баспасөз мәслихатында мемлекет басшылары кездесуді қорытындылай отырып, журналистер сауалдарына жауап берді.


– Біздің кездесулеріміз бен келіссөздеріміз әрқашан достық, сенімділік жағдайында өтіп келеді. Біз елдердің алдағы кезеңдердегі ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқыладық. Оның ішінде ғарышты бірлесіп игеру, отын-энергетика салаларындағы ынтымақтастықтар бар. Қол қойылған құжаттарға сәйкес нақты тапсырмалар берілді. Бұлар Қазақстан мен Ресей компанияларының сыртқы рыноктағы қабілеттілігін арттырады, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.


Ресей Президенті экономикалық ынтымақтастықты үдетудегі, ықпалдастық үдерістеріндегі, Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстан мен Ресейдің маңызды рөлін атап өтті.


- Біздің тығыз өзара іс-қимылымыз - бейбітшіліктің, тұрақтылықтың және өңірдің лайықты болашағының кепілі. Біздің елдердің достық жағдайдағы ынтымақтастығы посткеңестік кеңістіктегі елдерге үлгі болып табылады, - деді Владимир Путин.


Сол күні түстен кейін мемлекет басшылары Бейбітшілік және келісім сарайында болып, ғимаратты аралап көрді, сондай-ақ Ресей Президенті Астананы дамытудың бас жоспарымен танысты. Одан кейін мемлекет басшылары Отан қорғаушылар монументіне гүл шоғын қойды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар