Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

8 сәуір 2008
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан Республикасының вице-президенті – Үндістан Парламенті жоғарғы палатасының төрағасы Мохаммад Хамид Ансаримен кездесті.

Тараптар экономика, сауда, саяси өзара іс-қимыл, парламентаралық байланыстарды нығайту, жоғары технологиялар мен ғылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелерін талқылады.


- Біздің елдеріміз арасындағы саяси үнқатысу өте тиімді дамып отыр. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, АСЕАН және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар мен көпжақты құрылымдар аясындағы біздің ынтымақтастығымызды айрықша атап көрсетуге болады, - деді Н.Назарбаев.


Өз кезегінде М.Х.Ансари Үндістан Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның экономикалық табыстары мен халықаралық бастамалары жөнінде жақсы білетінін атап өтті.


- Бүгінде Қазақстан аймақтық және әлемдік саясатта өте маңызды рөл атқарады, - деп атап көрсетті М.Х.Ансари.


Келіссөздер барысында мұнай-газ саласындағы, оның ішінде Каспий қайраңындағы Сәтбаев мұнай блогы бойынша ынтымақтастықты қарқындату мәселесі қозғалды.


Сондай-ақ ақпараттық технологиялар, туризм, әскери-техникалық кооперациялар салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективасы аталып өтті. Қазірдің өзінде бірқатар үндістандық компаниялар Алматы қаласының технопаркі аумағында жұмыс істеуде.


Тараптар студенттер алмасулары, ғылыми стажировкалар арқылы бірінші кезекте білім мен ғылым саласындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға қолдау білдірді.


Инвестиция мен банк ісі саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті толық жүзеге аспай отыр. Тараптар екі елдің осы саладағы байланыстарын тереңдетуге әзір екендігін білдірді.


Үндістанның демократиялық институттар құрудағы тәжірибесі жақсы үлгі болып табылады. Осы орайда Қазақстан үшін Үндістанмен парламентаралық байланыстарды нығайтудың болашағы зор.


Тараптар екі елдің сыртқы саяси бастамаларына өзара қолдауды қуаттады. Нұрсұлтан Назарбаев Үндістандағы конфессияаралық келісімге үлкен үлес қосып отырған Мохаммад Хамид Ансариді 2009 жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ-ші съезіне қатысуға шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар