Жаңалықтар

8 қыркүйек 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

02

03

Президент ең алдымен «Петерфельд Агро» ЖШС-нің егістік алаңында, «СБИ-Агро» ЖШС-нің жайылым жерлері мен «Пассик Қызылжар» ЖШС-нің омартасында болды. Ағымдағы жылы «Петерфельд Агро» ЖШС-нің ауыл шаруашылық алаңы 4427 гектарды құрайды, оның ішінде егістік жерлер – 2961 гектар, дәнді дақылдың егіндік алқабы – 2878 гектар, картоп алаңы – 182 гектар. «СБИ-Агро» ЖШС-нің негізгі жұмыс түрі өсімдік шаруашылығы өндірісі мен мал шаруашылығы өнімін өндіру болып табылады. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлер 17212 гектарды құрады, оның ішінде егістік жерлер – 10847 гектар, астық және бұршақ дәнді дақылдарға арналған егістік алаңы – 7729 гектар, майлы дақылдар алаңы – 3139 гектар. Өткен жылы астық және бұршақ дәнді дақылдарға арналған анықтама-егістік алаңы 8054 гектарды құрады, жалпы 13289 тонна дәнді дақылды жиналса, астықтың өнімділігі гектарына 16,5 центнер, майлы дақыл 1743 гектар, жалпы 872 тонна астық жиналды, астықтың өнімділігі гектарына 5 центнер болды. Шаруашылық 2472 бас ірі қараны, 1119 бас жылқы және 7100 бас шошқа ұстайды. Австралиядан 120 бас симменталь тұқымы сатып алынды. Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында Германиядан немістің симменталь тұқымының 395 бас жас малы әкелінбекші. 2011 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 15,4 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Петерфельд Агро» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінде болып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. «Петерфельд Агро» ЖШС-нің шаруашылығында 860 бас ірі қара мал, 400 бас жылқы және 800 бас қой бар. Қазіргі уақытта серіктестікте 200 бас малға арналған сиыр қорасының, мал төлдету және жеке ұстайтын алаң, сондай-ақ жем-шөп сақтауға арналған орындар мен санитарлық орындардың құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестікке көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлемі 3,5 млн. теңгені құрайды.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесу кезінде Президент Солтүстік Қазақстан облысында еліміздің сарқылмас қоры барын атап өтті. СҚО республикадағы ауыл шаруашылық өнімдері көлемнің 12 пайызын өндіреді, өсімдік шаруашылығы есебінен 60-пайыздан астамы қамтамасыз етіледі.

- Біздің мемлекетіміздің қалыптасу үдерісі, біздің тәуелсіз қаржылық және экономикалық жүйеміз, біздің алдымызға зор міндеттерді қоюға үйретті. Мұндай ауқымды мақсаттың бірі – етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі теңдессіз жоба. Енді 5 жылдан кейін Қазақстан жылына 60 мың тоннаға дейін етті экспорттаушы ірі елге айналады. Ол экологиялық жағынан таза өнім болады. Бүгінде мемлекет асыл тұқымды өнімдерді, қоспа жемді сатып алуға субсидия бөліп отыр. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай мүмкіндіктерді ескере отырып, шағын болса да қажетті базасы бар барлық ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер, шаруа және фермер қожалықтары елімізде мал шаруашылығын дамыту жөніндегі ауқымы кең жобаны іске асыру үдерісіне қатыстырулары тиіс. Бұл ауылда жұмыс орындары ашуға мүмкіндік жасап, ауылдықтардың кірісін қамтамасыз етеді. Солтүстік Қазақстан облысының еңбеккерлері осы міндеттің шемімін табуына барын салып кірісулері керек, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік» стелласын қарап шығып, облыстың жұртшылық және ұлттық мәдени орталықтар өкілдерімен кездесті. «Солтүстік жұлдызы» стелласын жобалауда оның елордадағы «Астана жұлдызы» монументі тәрізді символдық тұрғыда болуына назар аударылған. Стелладан басқа участкеде жағажай аймағының құрылғысы жасалып, баскетбол мен волейбол алаңдарымен жабдықталған. Тамғалы шатқалы мен Күлтегін стелласы петроглифтармен кескінделген мүсіндік композиция орнатылған. Құрылыстың құны – 152 млн. теңге.

- Мен Сіздердің өңірдегі егістік алқабында болып, ауыл еңбеккерлері әдеттегідей, қайратты әрі өнімді еңбекпен айналысып жатқандарына көз жеткіздім. Және ауа-райы да олар үшін қолайлы болып тұр. Сондықтан біздің өнім жоғары болады деуімізге құқымыз бар. Оның үстіне мемлекет ауыл еңбеккерлеріне жылдағыдай жан-жақты көмек көрсетіп отыр. Тек ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға республикалық бюджеттен биылғы жылы 220 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен бірге жиын-терім жұмыстары үшін жанармай жеңілдік бағамен бөлінді. Біз «Дипломмен ауылға» ұранымен ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуды ынталандырып отырмыз. Бүгінде 13 мыңға жуық маман жұмысқа орналастырылды. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасын табуда. Биылғы жылы менің тапсырмам бойынша сегіз миллиард теңгеге жуық қаражатты іске асыруды қарастыратын «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданды. Осы шаралардың бәрі ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартуға бағытталып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің артуына мүмкіндіктер жасайды. Бұл жақындап қалған мерекелік дата – біздің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тамаша тарту. Біз оны табысты ісімізбен және жоғары нәтижелерімізбен атап өтетініміз өте маңызды, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент петропавловскілік Пёстрое көлі маңына орналасқан, қайта жөндеуден өткен «Солтүстік жұлдызы» саябағында болып, «Орталық - өңір» бағдарламасына қатысушылармен және жоғары оқу орындарының түлектері – «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылармен кездесті. «Орталық - өңір» бағдарламасы өңірде біліктілік деңгейі жоғары мамандарды тартуға мүмкіндік туғызды, сондай-ақ білім трансферті мен технология қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, кадрлар ротациясы кадрлардың кәсіби шеберлігін арттыруға, жинақталған тәжірибесін жаңа орында қолдануға, басқарудың озық әдістерін тәжірибе жүзінде пайдалануға мүмкіндіктер туғызады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысында 1075 адам жұмысқа орналастырылған. Олар білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында жұмыс істейді.

Президент сондай-ақ «Ұрпақтар қоры», «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңарту» атты өңірлік бағдарламаларын іске асыру барысымен және облыстағы инвестициялық жобалармен танысты. Демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында бала тууды ынталандыру жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Ұрпақтар қоры» өңірлік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның негізгі міндеті өңірде бала тууды ынталандыруға, көп балалы отбасы институтының беделін нығайтуға бағытталған, көп балалы отбасынан шыққан әрбір балаға жеке қаражат бөлуді жоспарлауға кепілдік беретін, баланы бағып алу арқылы өңірде жетімдер санын қысқарту, облыста жас отбасыларына басымдық беру үшін жағдай жасау, көп балалы отбасыларына мемлекеттік қолдау көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Бағдарлама аясында бала тууды экономикалық жағынан ынталандыру шаралары мен экстракорпоральды ұрықтандыру орталығын ашу қарастырылған. «Ұрпақтар қоры» бағдарламасын іске асыру облыстық бюджет есебінен қажыландырылады. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша қаладағы тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 395 млн. теңге бөлінген, 15 нысанда құрылыс компаиялары жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Тұрғын үйлерге жөндеу жүргізуде үйлердің пайдалану мерзімін ұзартуға, жаңартуға, қуат ресурстары мен тұтынуға жұмасалатын қаражатты үнемдеуге жете көңіл бөлінеді. Аз қамтылған отбасыларына жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржының 50 пайызын құрайтын, қаржылай көмек көрсетіледі. Жылыту маусымы басталғанға дейін тұрғын үйлер нысандарын жаңғырту жөнінде жоспарланған жұмыстар аяқталатын болады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар