Жаңалықтар

4 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады.

Б.Сапарбаев Президентті өңірдің 2011 жылғы және 2012 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық қорытындыларынан хабардар етті.

«Өткен жылы өңірлік жалпы өнім 25 пайызға өсіп, 1,6 трлн. теңгені құрады. Дамудың жағымды үрдісі биылғы жылы сақталып отыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімі көлемінің өсімі 29,1 пайызды құрады. Индустрияландыру картасы аясында 2010-2011 жылдары сомасы 155 млрд. теңге болатын 21 инвестициялық жоба іске асырылды, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. 2015 жылға дейін сомасы 608 млрд. теңгені құрайтын 37 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Сонымен қатар, Қазақстан халқына Жолдауды іске асыру аясында облыстағы елді мекендерден 47 тірек пункті анықталды, оларды дамытуға 2012-2014 жылдары 49,8 млрд. теңге, соның ішінде жеке инвестиция есебінен 27 млрд. теңге бағытталатын болады.

Мемлекет басшысы облыста экономикалық өсімнің көрсеткіші жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар проблемалық мәселелерге назар аударды.

«Облыс дотациялық облыс болып табылады, өйткені облыс бюджетінің 74 пайызын республикалық бюджеттің трансферті құрайды. Осы тәуелділікті азайту керек. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер төмен, әсіресе бұл онкологиялық ауруларға қатысты. Жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Жалпы, өнеркәсіп өндірісі арта түсуде, облыс дамып келеді. Енді әлеуметтік саланы дамытуға көңіл бөлу керек», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесудің қорытындысы бойынша облыс әкімі алдына бірқатар міндет қойды, нақты тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар