Жаңалықтар

15 қазан 2007
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Иран Ислам Республикасына келді.
big-иран-1.jpg

Иран Президентінің сарайындағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Махмұд Ахмадинежад шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізді.


Тараптар кең ауқымды өңірлік мәселелерді және екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.


Мемлекет басшылары қазақстан-иран қарым-қатынастарының даму қарқынын қанағаттанарлық сезіммен атап өтті және екі мемлекеттің арасында ұдайы саяси үнқатысу ұстанатынын, өзара сауда-саттықтың өсуін, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың нығаюын атап көрсетті.


Иран маңызды көрші және өңірдегі ірі мемлекет болып табылады, осы ретте Қазақстан Иранмен арадағы қарым-қатынастарды бір-бірінің ұлттық мүдделерін құрметтей отырып, сындарлы рухта дамытуға мүдделі. Бүгінде екі мемлекет БҰҰ, Ислам Конференциясы ұйымы, ШЫҰ, АӨСШК, Экономикалық Ынтымақтастық ұйымы аясында өзара ықпалдастық орнатып отыр.


Келіссөздер барысында мемлекет басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық Қазақстан мен Иран арасындағы кең ауқымды әріптестіктің негізі болып табылатынын атап өтті. Мемлекет басшылары энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін қарастырды және қазақстандық мұнайды Иранға тасымалдаудың өзара тиімді шараларын жалғастыруға ниет білдірді.


Бүгінде Узень – Гызылгая – Берекет – Этрек – Горган бағыты бойынша теміржол құрылысының жобасы өңірлік ынтымақтастықтың табысты үлгілерінің бірі болып табылады. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанның теміржол арқылы Парсы шығанағына шығуына мүмкіндік туғызады. Қазақстан, Иран және Түрікменстан аумағы арқылы өтетін бұл жолдың жалпы ұзындығы 650 шақырымды құрайды. Іске қосылған алғашқы жылдарында-ақ осы бағыт бойынша жыл сайын шамамен үш-бес миллион тонна жүк тасымалдауға болады. Алдағы уақытта аталған көрсеткіш жылына 10-12 миллион тоннаға дейін артуы тиіс.


Сондай-ақ Қазақстан Иранға астық жеткізіп тұруға мүдделі. 2007 жылдың басынан бері Қазақстан Иранға 187 мың тонна астықты экспортқа шығарған. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Иранның жұмыс топтары Қазақстан астығын Иран арқылы үшінші елдерге жөнелтудің тетіктерін әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізіп отыр.


Қазақстан машина жасау, инфрақұрылыс, көлік, телекоммуникациялар, Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы жобаларды қаржыландыра алатын ирандық инвесторлар үшін ашық. Өз кезегінде, қазақстандық компаниялар бірқатар ирандық өндірістік кәсіпорындарды жекешелендіруге мүдделік танытып отыр.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар