Жаңалықтар

8 ақпан 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Германияға сапары аясында берлиндік «Адлон» қонақ үйінің «Винтергартен» залында ұйымдастырылған қазақстан-герман экономикалық жобаларының көрме-таныстырылымында болды.

Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесі аясында ұйымдастырылған таныстырылым неміс кәсіпкерлері ортасында өте кең резонанс тудырды. Көрме-таныстырылым қарсаңында оған қатысатындар ҚР-мен өзара тиімді ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңі басталғандығы туралы айтты. Осының бәрі неміс іскерлік топтарының өз бизнестерін қазақстандық бағытта дамытуға айтарлықтай мүделілік танытатындықтарының дәлелі.

Қазақстанмен белсенді ынтымақтастықтағы неміс фирмалары өз экспозцияларын ұсынды. Олардың арасында «Сименс», «ТиссенКрупп», «МЕТРО», «БАСФ» тәрізді әлемге белгілі концерндер бар. Сондай-ақ ГФР-ның орта бизнес өкілдері - «КНАУФ», «Клаас», «Георгсмариенхютте» өз жобаларын таныстырды. Озық ғылыми-техникалық әзірлемелерін, Қазақстанда белсенді енгізетін, Фраунгофер Институты да ұсынды.

Көрменің басты идеясы – екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға неміс іскерлік топтарын одан ары тарту.

Ұсынылған жобалар Қазақстанның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының басым салаларында іске асырылып, отандық экономиканы жаңғыртуға, жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын құруға ықпал ететін болады. Олардың басым көпшілігі озық технология мен инновацияны енгізуге, бәсекеге қабілетті және жоғары қосылған құнды сұранысқа ие өнімдер шығаруды қамтамасыз етуге бағытталған.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар