Жаңалықтар

31 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезінің қорытынды сессиясында сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті екі күнге созылған съезд жұмысында форумның бағдарламасы толығымен іске асырылғанына тоқталды. Атап айтқанда, пленарлық және секциялық отырыстарында сындарлы пікірлер қозғалды. Мәдениет пен діндердің жаһандық диалогының маңызды мәселелері бойынша ұсыныстар әзірленді.

- Форумның басты мақсатына қол жеткізіліп, оған қатысушылардың Үндеуі қабылданды. Бұл құжатта салмақты діни ойлармен толыққан үндеу көрініс тапты. Дін көшбасшылары барша адамзатты біздің планетамыздың болашағы үшін өзара іс-қимылға, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды. Мен осы үндеу діндарлармен қатар, түрлі діни оқулардың ізбасарлары тарапынан ізгі ниетпен қабылданатына сенемін. Оны барша әлемдік қоғамдастықтың қоғамдық және саяси кең орталары еститін болады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезіне қатысушылардың барлығына форум жұмысындағы сындарлы көзқарасы үшін шын жүректен алғысымды айтамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы съезд қазіргі әлемде барлық діндерде ортақ міндеттер көп екенін тағы да көрсетіп бергенін атап өтті. Біріншіден, діни вакуумның таралуын тежеп, адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтарының тоқырау қатерін еңсеру қажет. Екіншіден, кез-келген қоғамның жасампаздық бастауы – еңбексүйгіштік, адалдық және әділеттілік құндылықтарын нығайту керек. Үшіншіден, діннің бітімгерлік күштері шиеленістердің алдын алуға, кез-келген қоғамда төзбеушілік пен батыл әрекет жасауға мүмкіндік туғызады. Төртіншіден, қоғам, халықтар мен мемлекеттер арасындағы ішкі конфессияаралық алауыздықтың белең алуы үшін дінді пайдалануға сенімді тосқауыл қоюы маңызды. Бесіншіден, қоғамда дінге, оған қатысты қасиетті жерлерге, дін адамдарының сезімдері мен дәстүрлеріне құрметпен қарауға шақырудың маңызы зор.

- Дін диалогы – бұл жеке қоғамда және бүкіл әлемде толеранттылыққа қол жеткізудің жалғыз жолы. Диалогты кеңейту үшін заманауи коммуникация құралдарын қоса алғанда, барлық мүмкіндікті пайдалану маңызды. Бұл тұрғыда біздің форумның иниерактивтік алаңының қызметіне үлкен үміт артылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі барысында барлық осы бес маңызды мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді. Оның барлығы форумға қатысушылардың қорытынды Үндеуіне арқау болып отыр. Бұл діндердің сындарлы диалогы міндетті түрде XXI ғасырда жаһандық әлемнің маңызды құраушысына айналатынынан үміттендіреді, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Дін көшбасшылары кеңесі мен съезд аясында балаларды, жасөспірімдерді, жастарды, отбасылық құндылықтарды қолдауға тәрбиелеуде адамгершілік проблемалары жөнінде халықаралық онлайн-конференция өткізуді ұсынды.

Съезд соңында Брэдфорд Англикандық шіркеуінің епископы Н.Бейнс Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне қатысушыларға қарата айтқан сөзінде бейбітшілік пен келісімді адамзаттың жалпыға ортақ жарқын болашағы үшін бірден-бір сенімді таңдау ретінде ұстануға және соған ұмтылуға шақырды.

Қорытынды сессияның соңында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне қатысушылардың құрметіне Қазақстан өнер шеберлері концерт қойды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келесі, бесінші съезі 2015 жылы өтеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне қатысушылар Үндеуінің мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар