Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

14 қаңтар 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында болып, «Анна Каренина» балетін тамашалады.

Балеттің қоюшысы – ресейлік хореограф, балетмейстер, Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық балет театрының көркемдік жетекшісі Борис Эйфман. Басты рөлдерді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының артистері Сәуле Рахмедова, Фархад Буриев, Дәурен Жеңіс, Айнұр Әбілғазина орындады.

Мемлекет басшысы Б. Эйфманға Қазақстан үшін шығармашылық мамандар даярлаудағы аса үздік еңбегі, Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді.

Б. Эйфман Мемлекет басшысына рахметін айтты және жоғары атақ – тек үлкен құрмет қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Ресейлік балетмейстер алдағы уақытта да қазақстандық балетті дамытуға қолынан келгенше үлесін қоса беретінін жеткізді. Сондай-ақ Б. Эйфман Қазақстанның елордасына деген өзінің таңданысын білдіріп, Астанада салынып жатқан опера және балет театры сияқты мәдениет нысандары ең үздік әлемдік үлгідегі нысандармен бәсекелесе алатынын атап көрсетті.            


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар