Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

14 қыркүйек 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

01

02

03

Президент ең алдымен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Зеленов ауданындағы Переметное ауылындағы жаңа тұрғын үй кешенінде болды. Ауылда 92 пәтерлік 49 үйдің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 6 бір пәтерлік үйдің жалпы аумағы 664,6 шаршы метр және 43 екі пәтерлік үйдің жалпы аумағы 5337,9 шаршы метр. Сондай-ақ көршілес Зеленое ауылында су тасқынынан зардап шеккендер үшін тағы 7 екі пәтерлік үй салынды, оның аумағы 972,6 шаршы метр. Барлық 56 үйдің құрылысының жалпы құны – 488,3 млн. теңге. Үйлерге барлық инженерлік коммуникация жүргізіліп, сумен жабдықтайтын сукернеуіш мұнара, энергиямен жабдықтау, газбен жабдықтау қондырғыларын орнату, көшедегі жолдарды жөнге келтіру жөніндегі жұмыстар жүргізілген. Инженерлік желілер құрылысының жалпы құны – 275 млн. теңге.

Переметное ауылының тұрғындарымен кездесу кезінде Мемлекет басшысы екі айдан кейін Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтетінін айтты. Жыл сайын біздің экономикамыз нығайып, азаматтардың әл-ауқаты артып келеді. Біздің дамуымыздың моделі өзге мемлекеттер үшін үлгіге айналды.

- Біздің еліміз өз азаматтарына қамқорлық жасап келеді. Сіздер бұған биылғы жылдың көктемінде облыста қатты су тасқыны болғанда көз жеткіздіңіздер. Табиғат апатының салдарынан сіздердің көпшілігіңіз баспана мен дүние-мүліктен айрылдыңыздар. Қиын сәтте сіздерге мемлекет пен барша қазақстандықтар көмекке келді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет пен облыс басшылығы тарапынан сіздерге көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Үш айдың ішінде осында жаңа шағын аудан бой көтерді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Орал қаласындағы 54 МВт газтурбиналық электр стансаны (ГТЭС) аралап көрді. Бірінші энергоблок 2010 жылы іске қосылған. ГТЭС-ның іске қосылуымен өңірдің электр энергетикасына деген сұранысы қамтамасыз етілді. Қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі көпқабатты үйлерді, сондай-ақ ГТЭС ауданындағы жылыжайды жылу энергиясымен қамтудың мүмкіндігі пайда болды. Жобаның құны – 11,1 млрд. теңге. Жыл сайын 360 млн. кВт/с-қа дейін электр энергиясын өндіру жоспарлануда, жылу қуаты 75 Гкал.-ды құрайды.

Мемлекет басшысы ГТЭС-ті аралап көру барысында өңірде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылу нәтижелерімен танысты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар