Жаңалықтар

31 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументін ашты.

Ескірткіштің ашылу рәсіміне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің делегаттары, көрнекті жұртшылық өкілдері қатысты. Монумент 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған.

Мемлекет басшысы ескерткішті аша отырып, бұл күндері Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезі өтіп жатқаын атап өтті.

- Бұдан тоғыз жыл бұрын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезін өткізу кезінде Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің мекені деп аталды. Осынау келісімнің негіздерінің бірі жақсылық, бейбітшілік және әділеттілік тәрізді мәңгілік құндылықтарды қабылдаудағы біздің бірауыздылығымыз болып табылады. Дәл сондай біз өткеніміздегі жамандық, зорлық-зомбылық пен қатыгездікті бірауыздан қабылдамаймыз. Бүгін, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, біз екі қайғылы датаны есімізге түсіреміз. Биыл біздің жерімізде жаппай ашыршылықтың басталғанына 80 жыл және саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 75 жыл толады. Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Оның ішінде Қазақстаннан ең кемі 1,5 миллион адам аштықтан ажал құшты. Біз алапат ашаршылық құрбандарының рухына тағзым ету үшін жиналып, «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» ашып отырмыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің сәулеттік композициясы екі мазмұндық бөлімге негізделген. Монументтің негізгі идеясы көкке қолын жайып, үмітпен жәрдем сұраған, өз ұрпағына өмір тілеген әйел-ана бейнесінен көрінеді. Сондай-ақ, композициялық мүсіндер дөңгелек жерошақ бейнесіндегі шеңбердің ішінде, ана мен бала бейнелерімен бірге, қазақ халқының ескі қорымдарында орнатылатын балбал тасмүсіндері қойылған. Бұл көрініс арқылы аштық салдарынан өмірден мезгілсіз өткендер мен тірі қалғандар арасындағы байланыс үзілмейтінін білдіреді. Сәулеттік композицияның артқы қапталына «Қасірет керегесі» тұрғызылған.

- Біздің тарихқа жіті көзбен қарап, парасаттылық танытып, бұл тақырыпты саясиландыруға жол бермеуіміз керек. Ашаршылық, жер аудару және адамдардың жаппай құрбан болуының себептері кеңестік режимнің қатаң саясатында жатыр. Қуғын-сүргіннің басты айыпкері – адамгершіліктен тыс тоталитарлық жүйе. Енді біз тарихымызға басқа қырынан келуге тиіспіз. Барлық қиындықтарға қарамастан, қазақ халқының қонақжайлығының арқасында Қазақстанға жер аударылғандардың барлыығы жаңа өмірді бастады. Біз болашаққа бет бұрған халықпыз. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық қандасымыз тарихи атамекеніне көшіп келді. Қазірдің өзінде 17 миллионға жақын халқымыз бар және біртіндеп 1,5 - 2 процентке өсіп келе жатыр. халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, бала туу деңгейі өсіп, халық саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Осының барлығы отандық медицинаны дамытудың және ана мен бала өлімінің азаюының, өмір сүру жасының ұзаруының және біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының артуының арқасында жүзеге асып отыр. Тек соңғы 4 жылдың ішінде қазақстандықтардың өмір сүру жасы 65-тен 70 жасқа жақындады. Бұл үлкен табыс болып саналады. Біз жуық арада еліміз халқының санын 20 миллионға жеткізуді ниет етіп отырмыз және оған қол жеткізу үшін барлық жағдай бар, - деді Мемлекет басшысы.

Монумент  қаладағы Республика мен Абай даңғылдарының қиылысындағы алаңға орнатылған.

Президент сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар