Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

28 сәуір 2008
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы бірқатар нысандарының құрылыс барысымен танысты.

Президент танысқан алғашқы нысан – ірі халықалық форумдар өткізуге арналған болашақ Тәуелсіздік сарайы. Оның жалпы ауданы – 42 мың шаршы метр. Сарайдың бас залы 4500 орынға арналған, сондай-ақ ғимаратта бірнеше конференц-залдар, 700 орындық мейрамхана және баспасөз конференциясын өткізуге арналған зал орналасқан. Сарайдың екінші қабатында сурет галереясы орналастырылмақ, онда көрмелер өткізілетін болады. Үшінші қабатта Астана қаласы тарихының мұражайын орналастыру жоспарланып отыр.


«Тәуелсіздік сарайынан» кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі» монументінің құрылысымен танысты. Оның орталық элементі - биіктігі 91 метрлік бедер тақта, одан кейін 120 метрлік ұстын тізбек орналастырылған. Осында қазақ халқының азаттық жолындағы сан ғасырлық күресінде тарих жадында мәңгі есімдері қалған халқымыздың тарихи тұлғаларының мүсіндік топтары ораналастырылмақ.


Үшінші нысан – 30,8 мың орынға арналған жабық стадион. Спорттық ойындар өткізуге арналған ғимарат кез келген уақытта, жылдың барлық мезгілдерінде футбол және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Жаңа стадион УЕФА-ның барлық талаптарына сай келеді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар