Жаңалықтар

5 қараша 2008
Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Отырыста мемлекеттік органдардың заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша атқарған жұмыстары қаралды.

Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті басшыларының есептері, сондай-ақ Жоғарғы Сот төрағасының есептері тыңдалды.


Әлемдік қаржы дағдарысы елдегі қылмыстық жағдайдың өршуіне әсер етуі мүмкін. Бұл жағдай мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қана емес, құқық қорғау саласындағы жүргізіп отырған саясатына да түзетулер енгізуді талап етеді. Ең алдымен, әңгіме қалың бұқара топтары – тұрғын үй құрылысы үлескерлерінің, банк салымшыларының, кәсіпкерлердің және т.б. мүдделерін құқықтық қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажеттілігінде болып отыр.


Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қаржы дағдарысы жағдайында еліміздегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғам мен мемлекет мүддесін қылмыстық әрекеттен сақтандыру үшін мемлекет пәрменді шаралар қабылдап отырғанын және құқық қорғау органдары бұл шаралардың толық орындалуын қамтамасыз етуі тиіс деп атап өтті.


Елімізде қылмыспен сыбайластық жемқорлықпен күрес және заңдылықты қамтамасыз ету мәселесіне тоқтала келіп, мемлекет басшысы прокуратура органдары тарапынан қылмыстық тергеу органдарының қызметіне тиісті қадағалау қамтамасыз етілмейтінін қадап айтты.


Қылмыстың алдын алу мен ашу, тергеу амалдарын жүргізуде ішкі істер органдары да елеулі қателіктер жіберіп отыр. Бұған Астанадағы Есемсейітовтер әулетін, оның ішінде үш сәбиді айуандықпен өлтіру ісін тергеу барысы нақты мысал бола алады. Мемлекет басшысы қысқа мерзім ішінде аталған қылмыстық істі тергеуді аяқтап, қылмыскерлерді қатаң жазаға тарту жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жұмысына, ең алдымен, осы мекеменің бірқатар қылмыстық істі тергеу сапасына қатысты сын айтылды.


Н.Назарбаев әділет органдары қызметіндегі, оның ішінде сыбайлас жемқорлық белең алған қылмыстық-атқару жүйесіндегі қордаланған мәселелерге тоқталды. Кеден органдарында басшылық ауысып, тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылданса да, жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Сот жүйесінде де өзекті мәселелер бар, оған судьяларды сыбайлас қылмысы үшін жауапқа тарту фактілері дәлел. Барлық құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде кадрлармен жұмыс жасау мәселесі ақсап жатыр.


Мемлекет басшысы есеп берген әрбір мемлекеттік орган басшысының алдына нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, Бас прокуратураға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, мемлекеттік органдар қызметінде заңдылықтардың сақталуына бақылауды күшейту, Ішкі істер министрлігіне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты, ұйымдасқан қылмыспен, нашақорлыққа қарсы күресті қарқынды жүргізу, Әділет министрлігіне қылмыстық-атқару жүйесіндегі істерге бақылауды күшейту тапсырылды.


Қаржы министрлігіне кеден жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң шараларды іске асыруды қамтамасыз ету, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру тапсырылды. Жоғарғы Сот басшылығына судьялар корпусындағы сыбайластыққа қарсы күресті қатаң жолға қою жүктелді.


Мәжіліске қатысқан барлық құқық қорғау органдары басшыларына кадрлық саясатты жақсарту жөнінде нақты шаралар қабылдауға тапсырма берілді. Президент Әкімшілігіне барлық құқық қорғау органдарының қызметін реформалау жөнінде ұсыныс әзірлеу және бұл бағыттағы жалпы жұмысты үйлестіру тапсырылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар