Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

7 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан бір топ әскери қызметшілер,  құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік  наградаларымен марапатталды. Мемлекеттік  наградаларға ие болғандардың арасында сондай-ақ адам өмiрiн сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайларда ержүректiк пен жанқиярлық көрсеткен Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік қызметкерлері де бар.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс және Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктер, Президенттің Күзет қызметі, Республикалық Ұлан және  «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің ұсыныстары бойынша барлығы 101 адам наградталды. Олардың ішінде І дәрежелі «Даңқ» орденімен үш адам, ІІ   дәрежелі  «Даңқ» орденімен – 5, І дәрежелі «Айбын» орденімен – 2, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 25, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 7 (оның ішінде 3-уі марқұм), «Құрмет» орденімен – 9, «Ерлігі   үшін» медалімен – 8, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – 31,  «Ерен еңбегi үшiн» медалімен – 9, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен – екі адам атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылғы 7 мамыр мемлекетіміздің қалыптасу тарихындағы ең елеулі кезең болып табылатынын атап өтті.

«Біз 20 жыл ішінде өз армиямызды құрдық, оны заманауи жабдықтармен қамтамасыз еттік, жаңа әскери доктринаны бекіттік. Бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері халқымыздың қаһармандық дәстүрінің лайықты мұрагерлері болып табылады. Біз әскерді жарақтандыру үшін қаражат бөліп, жеке құрамды қажет нәрсенің бәрімен қамтамасыз етіп отырмыз. Біздің міндетіміз – біздің шекарамызды, тәуелсіздігіміз бен халқымыздың тыныштығын бұзушылықтың кез келген әрекетіне тойтарыс беруге дайын тұратын ықшам, мықты армияны құру», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ұлы мереке – Жеңіс күні қарсаңында награда тапсырып отырғанын ерекше атап өтті.

«Біздің әкелеріміз, аталарымыз тәуелсіздікті сақтап қалды, соның арқасында біз егеменді Қазақстанды құрдық. Бабаларымыздың ерлік істеріне лайықты боламыз. Мен барлық ардагерлерді Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын. Бәріне мықты денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметіне табыс тілеймін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар