Жаңалықтар

28 қыркүйек 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовті қабылдады.

С. Ахметов Мемлекет басшысын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ағымдағы жылы атқарылған жұмысы туралы хабардар етті.

8 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнімі өндірісінің көлемі 870 млрд. теңгеден асты. Бұл ретте 2011 жылдың соңында айғақты көлем индексі 105 пайыз болады деп күтілуде. Қарағанды облысы экономиканың үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту аясындағы жобаларды іске асыру бойынша еліміздің өзге өңірлері арасында көш бастап келеді. Индустрияландыру картасына өңірден жалпы сомасы  282,2 млрд. теңгенің 45 жоба енгізілді, 5 мыңнан аса жұмыс орны құрылатын болады. Жыл басынан бері жалпы сомасы 4 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылды, 507 жұмыс орны құрылды. Биылғы жылдың соңына дейін 42 млрд. теңгеден астам сомаға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1350 жұмыс орны ашылатын болады. Олардың арасында «Сары Қазына» ЖШС катодты мыс өндіретін зауыт құрылысы, «Хром-Т» ЖШС ферроқұйма өндірісі кешені, №2 домна пеші мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ әзірлемелерді үздіксіз құю машинасы, «ҚазАвиаСпектр» ЖШС ауыл шаруашылығы ұшақтарының өндірісі, Қарағанды ЖЭО-3 жаңғырту және қуаттылығын арттыру жөніндегі мәні зор жобалар бар. Сонымен қатар облыс «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша да бірінші орында келеді. Бұл жұмыста өңірде әзірленген базалық салаларды дамыту тұжырымдамасы негізгі құрал болып табылады. Бүгінгі күнге дейін Бағдарлама аясында несиелерді субсидиялау мен кепілдендіру бойынша 14 млрд. теңгеден аса сомаға 87 жоба мақұлданды. Осының арқасында 10 мыңға жуық жұмыс орны сақталып, 2 мыңнан астам жұмыс орны жаңадан ашылды. Қарағанды облысының 2010-2015 жылдарға арналған энергия үнемдеу бойынша кешенді жоспары қабылданды. Аталмыш құжат коммуналдық жүйелерді үнемді пайдалануға байланысты отандық әзірлемелерге негізделген. Күтілетін деректер бойынша ағымдағы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 69,7 млрд. теңгені құрайтын болады. Бұл 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,7 пайыз артық. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуге байланысты шаралар шеңберінде облыста елді мекендердің инфрақұрылымын дайындау, абаттандыру, көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінге дейін мына нысандар, атап айтқанда, облыстық қан орталығы, Қарағанды қаласындағы нәресте орталығы, Шахтинск қаласындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайы, балабақшалар, тұрғын үйлер, саябақтар, спорттық алаңдар, мәдениет қайраткерлерінің ескерткіштері пайдалануға берілді. Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында теннис орталығы, мұз айдыны, бокс орталығы, 4 мың орындық мешіт, кардиохирургиялық орталықтың жаңа блогы, емхана, Теміртау қаласындағы тарихи-мәдени орталық, Қарағанды қаласында Қазыбек бидің, Қаныш Сәтпаевтың ескерткіштері және басқа да нысандар ашылатын болады. Тек соңғы 10 жылдың ішінде Қарағанды облысында тұрғындардың орташа айлық ақшалай кірістері 6 есеге артты, ал кіріс мөлшері күнкөріс шегінен төмен тұрғындар үлесі 39 пайыздан 3 пайызға төмендеді.

Есеп қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық жағынан одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар