Жаңалықтар

22 қазан 2009
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасына ресми сапары басталды.
big-22.10

Қазақстан мен Түркия мемлекетінің басшылары ең алдымен Анкара қаласындағы Ататүрік мемориалды кешенін аралап, Түркия мемлекетінің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрік кесенесіне гүл себетін қою рәсіміне қатысты. 

Одан кейін «Чанкая» Президент Сарайында ресми қарсы алу рәсімі болып өтті. Бұдан соң Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүлмен шағын құрамда кездесті. Кездесу барысында біздің еліміздің басшысына Түркияның жоғары мемлекеттік наградасы табыс етілді. 

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін мемлекет басшылары екіжақты құжаттарға, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы Шартқа қол қойды. Сонымен қатар, екі ел Үкіметтері арасындағы ғылым мен техника, туризм, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы Ынтымақтастық туралы Келісімдерге қол қойылды. 

Келіссөздерден кейін мемлекет басшылары баспасөз конференциясында қорытынды сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев өз сөзінде: 

- Бүгін біз Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы Шартқа қол қойдық. Бұл құжат бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсіп, оны жаңа деңгейге көтеретін болады, - деп атап өтті. 

Одан кейін сөз алған Түркия Президенті Абдолла Гүл Қазақстан Президентін бүкіл түркі әлемінің қайраткері ретінде санайтынын атап өтті. 

- Менің қадірлі досым, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан мемлекет қайраткері. Әсіресе, біз Қазақстанның елордасында Ататүрікке ескерткіш ашылғанын мақтаныш етеміз. Бұл Орта Азиядағы жалғыз ескерткіш. Сонымен бірге, Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың лидерлігі арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Мысалы, көршілес Ресеймен шекараны белгілеп, энергетика саласын жолға қоя білді. Бүгінде Қазақстан - аймақтағы лидер. Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемін біріктіру, ортақ тарихи, мәдени құндылықтарды жандандырудағы бастамалары арқылы күллі түркі әлемінің лидеріне айналды. Сондықтан мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркия мемлекетінің жоғары наградасын табыс еттім,- деді Түркия Президенті А. Гүл. 

Осы күні Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Түркия Республикасының Премьер-Министрі Р. Т. Эрдоғанмен, Түркия Республикасы Парламентінің төрағасы Мехметали Шахинмен кездесті. Бұдан соң Қазақстан басшысы Түркияның Ұлы ұлттық жиналысында (Парламенті) сөз сөйледі.

Елбасы Н. Назарбаев Республикалық халық партиясының төрағасы Дениз Байкалмен, Ұлттық қозғалыстағы Партия төрағасы Девлет Бахчелимен, Түркия Республикасының экс-Президенті Сүлеймен Демирелмен кездесулер өткізді. 

Ертең Елбасы Н. Назарбаевтың сапары Стамбұл қаласында жалғасады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар