Жаңалықтар

27 сәуір 2010
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев IX Еуразиялық медиа форумның ашылуына қатысты.
01

Форумға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік мәселесіне, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығына ерекше назар аударды.

- Орталық Азия мемлекеттерінің тарихында алғаш рет Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқарып отыр. Біз бұл жоғары миссияны Ұйымға мүше барлық мемлекеттер қолдау көрсеткен нақты мақсат бойынша орындаймыз. Біздің төрағалық етудегі ұранымыз төрт «Т» - «траст» (сенім), «традишн» (дәстүр), «транспаренси» (транспаренттік) және «толеранс» (толеранттылық). Біз Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікке орналасқан ЕҚЫҰ әлемнің жаңа қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыруға белсенді түрде қатысуы тиіс деп есептейміз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Жаһандық қауіпсіздік мәселелері туралы айта келе, Президент Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің өткізілуі    үлкен мәнге ие екенін атап өтті:

- 60 жылдан астам уақыт ішінде тұңғыш рет әлемнің 47 мемлекеті мен халықаралық аса ірі ұйымдарының жетекшілері тұңғыш рет бас қосты. АҚШ Президенті Барак Обаманың шақыруы бойынша мен Вашингтондағы саммит жұмысына қатыстым. Өздеріңіз де білетіндей, Қазақстан ядоролық қаруды таратпау үдерісіне өлшеусіз үлес қосты. Біз өз  аумағындағы ядролық полигонды жапқан тұңғыш елге айналдық. Сынақтардың салдарларынан бір жарым миллионнан астам қазақстандық зардап шекті. Семей полигоны жабылғаннан кейін өзге елдер бізден үлгі ала бастады. Әлемдегі Невада, Муророа атоллосы, Жаңа Зеландия және Лобнор тәрізді өзге ірі полигондар жабылды. Қазақстан зор ядролық қаруға ие болудан бас тартып, әлемдік ядролық державалардың қауіпсіздік кепілдігін алды. Біз Вашингтон саммитінде ядролық қаруды таратпау жүйесін нығайтудың жаңа ұсыныстарын енгіздік. Ол ұсыныстар әлемнің жетекші елдерінің көшбасшыларынан жоғары бағасын алды. Біз ядролық қарусыздану саласында жаңа халықаралық құжаттарды әзірлеп, қол қоюды ұсындық. Атап айтқанда, бұлар ядролық қаруды көлденең және тікелей таратпау, сондай-ақ ыдыратушы материалдарды әскери мақсатта өндіруге тиым салу жөніндегі  жалпыға ортақ шарттар. Мен, сонымен қатар жаһандық қауіпсіздіктің ядролық қарусыз әлем жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдау жөнінде бастама көтердім. Қазір біз БҰҰ аясында ядролық қаруға толық тыйым салатын жалпыға ортақ жаңа Жаһандық шартқа  қол қоюды ұсынып отырмыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар