Жаңалықтар

8 сәуір 2010
Бүгін «Евронюьс» телеарнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді.

Мемлекет басшысы туысқан елде тағы да тұрақсыздық орын алып, азаматтардың қаны төгілгеніне өкініш білдірді. Президент Қазақстан ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Ж.Кәрібжановты Қырғызстан бойынша арнаулы өкіл етіп тағайындағанын атап өтті. ЕҚЫҰ Хатшылығынан Бішкекке ЕҚЫҰ Хатшылығының Қақтығыстарды болдырмау жөніндегі орталығының директоры Зальбер жіберілген.
Нұрсұлтан Назарбаев көрші республикада болып жатқан күш қолдану пен тонаушылықты айыптады.
– Қырғыз Республикасы – біздің көршіміз. Осы оқиғаларды үлкен өкінішпен бақылап отырмын. Мен осындай тұңғиық иірімге үнемі тап болатын етене туыс қырғыз халқын аяймын. Барлық саясатшылар бұл ретте халыққа қамқорлық жасайтынын, оған жақсылық тілейтінін айтумен болады. Ал іс жүзінде екінші күн қатарынан онда тонаушылық жүріп жатыр. Дүкендерді қиратып, өртеуде, банктер жабылған, бизнес қаладан безіп, Қырғызстаннан капитал кетуде. Тұрақтылық жоқ болса – ештеңе де бола алмайды. Саясатпен, баррикадаға шығумен айналыспау керек. Алдымен халықты тойындыратын, оған жұмыс беретін нәрселермен айналысу қажет. Осындай келеңсіздік салдарынан бүгінде Қырғызстан халқының жартысынан астамы кедейшілік деңгейінен төмен жағдайда тұрады. Жұмыссыздық өте көп. Жан басына шаққандағы ІЖӨ, салыстырып көріңіз, Қырғызстанда – 800 доллар, Қазақстанда – 8000 доллар. Қазақстан бүкіл осы жылдар бойы бейбіт өмірдің жемісін көріп, адамдар тыныш еңбек етіп, балаларын тәрбиелеуде. Елде тұрақтылық бар. Көпұлттылығына қарамастан, адамдар бір-бірін құрметтейді, толеранттылық өте жоғары. Осының өзі бізге даму мүмкіндігін береді, инвестициялар тартуға мүмкіндік туғызады. Мұның бәрі бізге тұрақтылық пен халықтың тыныш өмір сүруі – ең басты мәселе екенін көрсетеді, – деп атап өтті Президент Нұрсұлтан Назарбаев.  


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар