Жаңалықтар

3 маусым 2010
Бүгін Алматыда «Интерконтиненталь» қонақ үйінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Интернешнл Геральд Трибьюн» 4-қазақстандық инвестициялық саммиттің ашылуына қатысты.
01

Саммитке қатысушыларды құттықтай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев бұл форум Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы шет ел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысының қарсаңында өтіп отырғанын және қазақстандық және шет елдік іскер топтар арасындағы байланыстарды нығайту әрі ақпараттар алмасу үшін маңызды алаң ретінде өзін жақсы жағынан көрсеткенін атап өтті.

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық экономикаға 108 миллиард доллар инвестиция тартылды. Бұл тұтастай алғанда Орталық Азия өңіріндегі елдерге тартылған барлық шет ел инвестициясының 80 пайызы.

Бүгінде Қазақстанда шет ел капиталының қатысуымен 20 мың кәсіпорын, соның ішінде экономиканың шикізат емес секторында 7 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында «Дженерал Электрик», «Арселор Миттал», «Метро», «Телиасонера», «Шеврон» және өзге де әлемдік ірі кәсіпорындар бар.

- Олардың жемісті жұмысы – бұл Қазақстанның ұзақ мерзімді орнықтылығы мен тұрақты дамуының нақты көрсеткіші, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Қазақстан биылғы жылы 2020 жылға дейінгі Стратегиялық дамуының жаңа бағдарламасын іске асыруға кірісті. Соның аясында елімізді индустрияландыру картасы әзірленді. Оған жалпы құны 45 миллиардтан астам доллар болатын республикалық және өңірлік деңгейдегі 100 жоба енгізілген.

Қазақстанның жаңа индустрияландыру жөніндегі жоспарын табысты жүзеге асыру үшін экономиканың 12 басым саласы анықталды. Бұл металлургия, мұнай өңдеуші және химия өнеркәсіптері, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау саласы, құрылыс индустриясы, көлік және телекоммуникациялық инфрақұрылым, сондай-ақ өзге де салалар.

Қазақстан Республикасы әлемдегі инвесторлар үшін ең тартымды елдің бірі болып отырғаны бұл бір жыл емес. Халықтың жан басына шаққанда инвестиция тарту жөнінде біздің еліміз соңғы он жыл бедерінде әлемнің алғашқы үштігіне тұрақты еніп отыр.

Бүгінде Қазақстан елдің бәсекеге қабілеттік деңгейі айтарлықтай өскенін іс жүзінде көрсетті. Менеджменттік халықаралық даму институтының бағалауы бойынша Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік рейтингісі 2008 жылы 3 поизицяға, ал 2009 жылы тағы да 3 позицияға көтерілген. Осылайша қазіргі уақытта Қазақстан әлемде 33-позицияны иеленіп отыр, ТМД-нің ірі елдерінен едәуір алға озды.

Еліміздің Президенті ««Интернешнл Геральд Трибьюн» басылымына бұл саммитті өткізу туралы бастамасына өз ризашылығын жеткізді және бұл кездесу қазақстандық және шет ел іске топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар