Жаңалықтар

20 қазан 2009
Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі болып өтті.

Комиссия отырысында Ұлттық қордан экономиканы тұрақтандырудың дағдарысқа қарсы жоспары шеңберінде бөлінген қаражаттың заңды және мақсатқа сай пайдалануын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу саласында қаржы бақылау органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеті бойынша, сондай-ақ Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту бойынша қойған міндеттерді орындау шаралары қаралды. 

- Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға орай банк, индустриалдық, құрылыс және экономиканың өзге секторларын қаржылық қолдау бойынша дағдарысқа қарсы теңдессіз шаралар қабылданды. Құқық қорғау және бақылау органдарының басшыларына қылмыстық баюды болдырмау мақсатында мемлекеттік қаражатты үлестіру және пайдалану үрдісін қатаң бақылауға алу жөнінде нұсқау берілді, - деп Қ. Саудабаев отырысты ашу кезінде баяндап өтті. 

Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрайымы Е.Бахмутованың, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Ө.Өксікбаевтың, Қаржы министрі Б.Жәмішевтің, «Самрұқ-Қазына» және «КазАгро» ұлттық холдингтердің басшылары Қ.Келімбетов пен Е.Мамытбековтің есептері тыңдалды. 

- Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының аясында осы кеселдің қаншалықты жоғары деңгейде болса да оның сан алуан түрлерінің таралуына жол бермеу үшін лайықты мекемелер жүйелі түрде жаңа шаралар қолдануда. Соңғы кездерде жұртшылыққа мәлім болған құқық қорғау органдары сыбайлас жемқорлыққа байланысты қозғаған қылмыстық істер мен олардың қорытындысы бойынша өткен сот процестері осының айқын дәлелі болып табылады, - деп атап көрсетті Қ. Саудабаев. 

Баяндамаларымен, сондай-ақ Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының міндетін атқарушы А.Лукин, Бас прокурор К.Мәми, Ішкі істер және Әділет министрлері С.Баймағанбетов пен Р.Түсіпбеков, Кедендік комитет төрағасы Қ.Кәрбозовтар сөз сөйледі. 

Отырыс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша Президенттің тапсырмаларын орындауына байланысты сәйкес мемлекеттік органдарға жан-жақты шаралар қабылдау туралы Комиссияның нұсқауы берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар