Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

30 қыркүйек 2008
Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Комиссия отырысында Қазақстан азаматтығын алғысы келетін әртүрлі елдерден келген 24 мыңнан астам адамға қатысты құжаттар қаралды. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан кейін бұл адамдар жаңадан Қазақстан Республикасының азаматтары атанады.


Негізгі мәселелерді қарау аяқталғаннан кейін Комиссия мүшелері әр жылдары отанына оралған отандастармен кездесті.


«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев тағдыр тәлкегімен Отандарынан жырақта жүрген қандастарымызды тарихи отанына оралту жөнінде бастама көтеріп, мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Осы жылдардың ішінде бұл мемлекеттік бағдарлама жаңа қазақстандықтарды келген жеріне бейімдеу тұрғысында тұрақты және жүйелі түрде іс жүзіне асырылып келеді. Бүгінде олар Қазақстанның тең құқылы азаматтары, олар біздің елдің дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді» деді Мемлекеттік хатшы.


Кездесуге келгендердің ішінде Қостанай ішкі істер департаменті Көші-қон полициясының аға инспекторы О. Абылқанов, «Асар» республикалық оралмандар бірлестігі басқармасының төрағасы К.Бодаухан, зейнеткер И.Қалыбеков және Еуразия Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Д.Мәсімханұлы бар.


Біздің елдің жаңа азаматтары еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты, Қазақстанның халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан беделі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының негізі екенін айтты, мыңдаған қазақтардың тарихи атажұртына оралып жатқанының себебі осында жатыр деп атап өтті. Кездесу барысында олар оралмандарға көрсетілген қамқорлығы және тарихи Отанында орнығуына көмегі үшін мемлекет Басшысына атына өздерінің шынайы алғыс лебіздерін жеткізді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар