Жаңалықтар

8 қазан 2009
Астананың әкімдігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласын одан әрі дамыту мәселесі бойынша кеңес өтті.

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев елордада жүргізіліп жатқан жұмыстарға жағымды баға берді.

- Қала бұрынғыдан да таза бола түсті, шаң жоқ. Тазалықтың арқасында қаланың астаналық бет-бейнесі пайда болды. Бұл коммуналдық қызметтің, қала мен аудан әкімдіктерінің жұмысының нәтижесі, - деп атап өтті Н. Назарбаев.

Одан кейін Президент Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің 2009 жылы 23 сәуірде болған кеңесте берілген тапсырмалардың орындалу барысы, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шаралар мен астананы одан әрі дамыту туралы есебін тыңдады.

И. Тасмағамбетов Президенттің тапсырмасы бойынша қабылданған дағдарысқа қарсы кешенді шаралар елорданың дамуының жоғары қарқынын сақтауға мүмкіндік бергенін мәлімдеді. Атап айтқанда, Астанада қаржыландырудың барлық көзі бойынша қазірдің өзінде бір миллион шаршы метрге жуық тұрғын үі тұрғызылып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа, 2008 – 2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы жылдың соңына дейін тағы 150 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылмақшы. Үлескерлердің проблемасы шешілуде.

Шағын және орта бизнесті қолдауға 90 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл осы сектордағы өнім өндіру, жұмыс және қызмет көрсету салаларында өнім көлемін 14 пайызға арттыруға, оны 220 миллиард теңге деңгейіне дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

Жол картасы аясында елордада 85 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Әкім сондай-ақ елорданың энергетикалық және көлік инфрақұрылымын, құрылыс секторын дамытуға бағытталған шаралар туралы баяндады.

Кеңесті қорытындылай келе, Президент Астана халықаралық деңгейдегі ірі іс-шараларды өткізетін орынға айналғанын атап өтті.

Осыған байланысты елорданың дамуында жаһандық бәсекелестікке лайықты болуын қарастырып, халықаралық өлшемдер жүйесін зерттеп, қала шаруашылығының күшті және әлсіз жақтарын талдаудың маңызы зор. Сонда күш-жігерді қай бағытқа жұмсау керектігін, әсіресе Қазақстан астанасына туристік топтардың көп келуі үшін нендей жұмыстар атқару қажеттігін білуге болады. Сондықтан елорданың архитекторлар тобы әрдайым мықты, алдағыны болжай білетін және жаңашыл болуының маңызы зор.

- Астана әлемнің әр түкпірінен туристер тартатын орталық болуы тиіс, - деп атап өтті Н. Назарбаев.

Президент Үкімет пен Астана әкімдігінің алдына астананы дамыту, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруді қарастыру, сапалы білімге, медицинаға, қалалық қоғамдық көлік жұмыстарын жақсарту жөнінде бірқатар нақты тапсырма қойды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар