Жаңалықтар

6 қазан 2009
Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Николя Саркозидің қатысуымен Қазақстан-Франция бизнес-форумы өтті.

Форумға Қазақстан мен Францияның ресми және іскер топтарының өкілдері, денсаулық сақтау, банктік сектор, энергетика, көлік, өнеркәсіп және экономиканың өзге секторларының тиісті мамандары қатысуда.

Форумға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Францияның экономикалық қуатының бетбейнесін білдіретін 40-тан астам ірі компания Қазақстанда жемісті еңбек етіп жатқанын атап өтті. Олар – «Газ де Франс», «Тоталь», «Арева», «Талес», «ЕАДС», «Альстом», «Симан Франсэ» және өзге кәсіпорындар. Қазақстан экономикасына салған Француз инвестициясының жалпы көлемі 5 миллиардтан астам долларды құрайды. 

Қазақстан біздің еліміздің шикізат емес саласына инвестиция салу ниеті бар француздық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге дайын. Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік одағы бастамасының өмірге енуінің басталуымен Қазақстанға инвестиция салатын инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. 

Президент Николя Саркози Қазақстан Францияның стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. 

- Ұзақ мерзімді және тиімді ынтымақтастықты жолға қойғымыз келеді. Біз Қазақстанға сол үшін келдік, - деді Франция Президенті.

Мемлекет басшысы Астанада өткен бизнес-форум аясындағы сындарлы диалог пен пікірталас жаңа бастамалар мен нақты ұсыныстарды қалыптастыруға көмектесетініне сенім білдірді. 

Осы күні Қазақстан мен Франция көшбасшылары Отан қорғау монументіне гүл қою рәсіміне қатысты және мемлекет басшыларының аллеясына ағаш отырғызды. 

Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркози Тәуелсіздік Сарайында болып, «Астананың бас жоспары» елорданың даму жоспарымен танысты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар