National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы салынып жатқан «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінде болды

2015 жылғы 04 сәуір

 

Мемлекет басшысы Көрме кешенінің болашақ халықаралық, тақырыптық павильондарының, сондай-ақ сауық және қызмет көрсету нысандарының макеттерімен танысты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа көрменің орталығы – Қазақстанның Ұлттық павильонында болатын нысандар жөнінде жан-жақты баяндалды.

Содан соң Қазақстан Президенті кеңес өткізіп,  құрылыс жұмыстарының барысына тоқталды. Мемлекет басшысы іске қосу және әрлеу жұмыстарын жүргізу үшін кешенді 2016 жылғы қыркүйекке дейін дайын ету қажеттігін айтып, жұмыс кестесін сақтау мәселесін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев салынып жатқан ғимараттарды көрмеден кейін де пайдалану мәселесін Үкіметпен бірлесе отырып анықтау басты міндеттердің бірі екендігіне назар аударды.

– Кейбір елдердегі секілді нысандар бос тұрып қалмауы керек. Қонақтарға арналған баспана, қонақ үй және Конгресс-орталық мақсатты пайдаланылады. Бұл ретте, көрмеден кейін шетелдік мемлекеттердің павильондары мен өзге де көптеген орын-жайлар бос қалады. Кешен одан әрі қалай пайдаланылатынын қазірдің өзінде шешіп алған жөн. Мүмкін онда халықаралық шаралар, әскери, агроөнеркәсіптік көрмелер өткізілер. Әлемдік ірі компанияларды біздің нысандарымызды өз жұмыстарына пайдалануы үшін қызықтыру қажет. Сонымен қатар, мұнда халықаралық банктер, бұқаралық ақпарат құралдары өз кеңселерін ашуға тілек білдіруде. Жалпы алғанда, барлық ғимараттар 2017 жылдың күзінен соң әрі қарай пайдалануға берілуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудегі мақсаты Қазақстанның табыстарын әйгілеуді, әлемдік қоғамдастыққа оның мүмкіндіктерін паш етуді көздейтінін атап өтті.

– Біздің республикамызды көптеген аспектілер бойынша – ірі энергетикалық мемлекет, уран кенін өндіретін жетекші ел, астық экспорттаушы, бай табиғи ресурстарға ие мемлекет ретінде біледі. Енді болашаққа ұмтылған жаңа елді көрсету қажет. Ұлттық павильон тұжырымдамасының өзі де Қазақстан жеткен жетістігімен тоқталып қалмайтынын, әрдайым әрі қарай ілгерілеуді мақсат тұтатынын көрсетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті жоба Астананың беделін бұдан да әрі нығайтуға септігін тигізетініне назар аударды.

– Көрме елордамызды мүлде өзге қырынан көрсетеді, оны кеңейте және көркейте түседі. Бүгінгі таңда Астанада маңызды нысандар аз салынған жоқ. Алайда ЭКСПО кешені – мүлде басқа сападағы, ХХІ ғасыр талаптарына толықтай сай келетін технологиялар қолданылатын жоба. Елорда тұрғындары мен меймандары үшін энергетика саласындағы болашақпен қауышудың, ғылыми жетістіктерді көрудің және бой көтерген нысандардың көркін тамашалаудың тамаша мүмкіндігі туады, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Мемлекет басшысы жобаны бұдан әрі жүзеге асыруға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Кеңес барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК»  АҚ басқармасының төрағасы Т.Ермегияев көрме кешені құрылысындағы Қазақстанның үлесін  арттыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық іс-шара дайындығына және оған қатысуға еліміздің бизнес-қоғамдастығы белсенді түрде тартылып жатқанын айтты. ЭКСПО нысандарындағы қазақстандық үлес 60%-дан кем болмайды деп жоспарлануда.

Сонымен қатар құрылыс барысы туралы «Sembol», «BІ Group», «АБК Құрылыс-1», «Mabetex Group», «СК Базис», «Компания АДС», «MegaManagement» сияқты мердігерлік құрылыс компанияларының басшылары баяндама жасады.

***

Жалпы ауданы 174 гектар болатын Көрме кешенінің аумағында 38 нысан бой көтеретін болады. Жобаға 8 құрылыс ұйымы және 3500-ден астам жұмысшы қатысып жатыр.

Кешеннің көрме аймағында диаметрі 80 метрлік, шар пішініндегі Қазақстанның Ұлттық павильоны, сондай-ақ халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналасады. Көрме сыртындағы аймаққа конференция орталығы, баспасөз орталығы, жабық қала, тұрғын үйлер мен қонақ үйлер енеді.

ЭКСПО нысандары жел, күн және өзге де баламалы қуат көздерінен алынатын «жасыл» энергетикамен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің