Жаңалықтар

12 қыркүйек 2016
Елбасы «Әзірет Сұлтан» мешітінде болды
Астана қаласы

Мемлекет басшысы көпшілік алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады, сондай-ақ жиналған жамағатпен әңгімелесті.  

– Бүгін күллі әлемнің және Қазақстанның мұсылмандары жарқын мереке – Құрбан айтты мерекелеп жатыр. Баршаңыз білесіздер, 10 жылдан бері Құрбан айт пен Рождество демалыс күндері болып саналады. Бұл – ислам дініне де, христиан дініне де мемлекет қамқорлығының көрінісі, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстың бәрі еліміздегі бірлік пен тыныштықтың арқасы екенін атап өтті.

– Әлемдегі әрбір дін бізді ынтымаққа, ізгілікке, бір-бірімізді құрметтеуге шақырады. Құранда өзің тоқ болып, көршің аш отырса, сен мұсылман болып саналмайсың делінген. Онда мұсылмандардың ағымға, жікке бөлінбейтіні де айтылған. Нағыз мұсылман – ел-жұртқа, қоғамға, Отанына көмектесетін, барлық дінді бірдей көретін адам, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті баршаны тағы да мерекемен құттықтап, бақ-береке және табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу