Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

23 мамыр 2014
Мемлекет басшысы VІІ Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы ІІ дүниежүзілік конференция жұмысына қатысты

Жалпы отырыстың ашылуындағы сөзінде Мемлекет басшысы форумның өңірлік пікірталас алаңынан халықаралық экономикалық деңгейдегі айтулы оқиғаға айналғанын атап өтті.

 

Жалпы отырыстың ашылуындағы сөзінде Мемлекет басшысы форумның өңірлік пікірталас алаңынан халықаралық экономикалық деңгейдегі айтулы оқиғаға айналғанын атап өтті.

– Форумның ұсыныстары мен идеялары Қазақстанның 2013 жылғы қыркүйекте өткен Үлкен жиырмалық саммитіне қатысуы кезінде айтылды. 4 миллионнан астам пайдаланушы қатысатын G-GLOBAL жаһандық диалогы жөніндегі виртуалды алаң табысты жұмыс істеуде. Бүгінгі форум ауқымы кеңдігімен ерекшеленеді, ол 150 елден келген 10 мың қатысушының басын қосты. БҰҰ қолдауымен Астана форумы аясында Дағдарысқа қарсы Екінші дүниежүзілік  конференция өтті, – деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық ең ауыр қаржы-экономикалық дағдарысты жаңа ғана басынан өткерген әлем тағы да қайта құлдырауға ұшырауы мүмкін екенін айтты.

– Қазақстан әсіресе жетекші державалардың жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі диалогының тоқтап қалу ықтималдығына алаңдаулы. Ол ядролық қауіпті азайту бағытындағы соңғы он жылдағы жетістіктерді жоққа шығаруы мүмкін. Бізді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Украинадағы қақтығысты шешудегі дәрменсіздігі алаңдатпай қоймайды. Мұның бір себебі – осы ұйымды реформалау жөнінде тіпті ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы тарихи Астана саммитінен кейін де ұйымның басшылығы көрсетіп отырған саяси жігердің жоқтығы, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бүгінде кейбір елдер өткен ғасырдан мұраға қалған, дау-жанжалды шешуде күш қолдану әдістерін де теріс көрмейтінін айтты.

– Бұл өзге елдер үшін де қауіпті құбылыс тудырады, мемлекетаралық дауларды шешу мәселесінде әділетсіздік формаларына жол береді. Қазақстан санкциялық саясатты қолданудың  іс жүзінде  жаһандық ауқымда еркін сауда және нарық қағидаттарын жоққа шығаратынына алаңдаушылық білдіреді. Мұндай тәжірибе халықаралық қарым-қатынастарда ешқашан ұтымды болмағанын айта кетейін. Ол жаһандық жаһандық экономикалық өсімді анық шектейді, жаһандық әділетті энергетикалық жүйені қалыптастыруға кедергілер туғызады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлемдік құрылымның жақсаруына деген үміттерге қарамастан, ХХІ ғасырдың басы қауіптер мен жаңа сын-қатерлерге толы болып шыққанына назар аударды.

– 6 жыл бұрын басталған дағдарыс жойылып кеткен жоқ. Жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Адамзат әлемдік дамудың мүлде жаңа жобасын күтуде. Мен мұны 2009 жылы-ақ "Дағдарыстың кілті» және «Бесінші жол» деген мақалаларымда айтқан едім. Бұл соңынан жаңа әлем пайда болуы тиіс, әлемдік өсудің ескі үлгісінің дағдарысы екенін уақыт көрсетіп отыр. Біз соның қарсаңында тұрмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бұл форум әлемдегі инклюзивтік өсуді дамыту мен оған жағдай жасау турасындағы халықаралық пікірталасқа өз үлесін қосады деп үміт артатынын айтты. Сонымен қатар форумның барлық қатысушыларына жемісті жұмыс тіледі.

Жалпы отырыстың модераторлығын  Болгарияың экс-Президенті П.Стоянов атқарды. Сондай-ақ форум қатысушыларына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бейнежолдау арнады. Бұдан бөлек, жалпы отырыс барысында әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ауанындағы өзекті сын-қатерлерге қарсы тұру тетіктеріне қатысты өз көзқарастарын Малайзия Премьер-министрі Н.Разак, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің президенті М.Сайдик және Нобель сыйлығының лауреаты М.Юнус ортаға салды.

Форум бағдарламасында жалпы 70 іс-шара қарастырылған.       

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін осы жерден қараңыз.

 

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу