National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан мен Түркия президенттері қазақ-түрік бизнес форумына қатысты

2015 жылғы 16 сәуір

 

Іс-шараға екі елдің іскер топтарының 400-ден аса өкілі қатысты.

Бизнес форум аясында Қазақстан мен Түркия президенттері өнеркәсіптің түрлі салаларындағы түрік компанияларының инвестициясы арқылы жүзеге асырылған, болашағы бар 25 жобаны таныстырды.

Форумға қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев олардың біразы Қазақстанда көптен бері жұмыс істейтінін атап өтті.

– Түркия біздің стратегиялық сауда-экономикалық серіктесіміз болып саналады. Соңғы 10 жылда елімізге салынған түрік инвестициясының көлемі 1,8 миллиард доллардан асты. Біздің нарықта түрік капиталының қатысы бар мың жарымнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Түркия бұл көрсеткіш бойынша Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Қазақстанда 15 мыңнан астам түрік азаматы тұрақты еңбек етіп жүр. Олар біздің жаңа елордамыздың құрылысына белсене қатысты. Астана халықаралық әуежайы, «Хан-Шатыр» кешені, «Рамада Плаза Астана» қонақ үйі  және басқа айшықты нысандар – соның жарқын айғағы, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елдеріміз қазіргі кезде жалпы құны 3,4 миллиард доллардан асатын 35 инвестициялық жобаны бірлесе жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Соның ішінде Жамбыл облысындағы құны 560 миллион доллар болатын «Жаңатас» және «Шоқпар» жел электр стансаларының құрылысы, Ақтөбе облысындағы құны 500 миллион доллар болатын хром кенін байыту жөніндегі жоба, 200 миллион доллар тұратын алкогольсіз сусындар зауытының құрылысы  бар.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан бұл жоспарлар жүзеге асырылатынына назар аударды.

Мемлекет басшысы форум барысында жасалған уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтті.

– Тағы бірқатар жобалар бойынша, соның ішінде фармацевтика және құрылыс материалдарын өндіру саласында келіссөздер жүріп жатыр.  Қазіргі кезде Алматы, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қазақ-түрік индустриялық аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Оларда құрылыс материалдарын, тоқыма, былғары, тұрмыстық химия өнімдерін және өзге де бұйымдарды өндіру жобалары жүзеге асырылады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы түрік іскер топтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін негізгі инвестициялық бағыттар туралы да айтты.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев елімізде Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

– Оның бірінші кезеңінде 770 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Біз Қазақстанда бұрын өндірілмеген 400-ден астам өнім түрін шығара бастадық. 2015 жылы бағдарламаның екінші кезеңі басталды. Ол металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі сияқты басымдығы бар 6 салаға бағытталған. Біз инвестицияны арттырып, түрік кәсіпорындарының озық тәжірибесін  енгізуге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті түрік тарапы ең тәуір павильондардың бірін жасақтап, ЭКСПО көрмесін өткізуге белсене қатысады деп үміттенетінін білдірді.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру аясында таяу үш жылда инфрақұрылымдарға ауқымды инвестиция бөлінетінін де атап өтті.

– Біздің ел Еуропа мен Оңтүстік Азияны байланыстыратын Орталық Азия өңірінің іскерлік, транзиттік және логистикалық хабына айналуға ұмтылады. Біздің елдеріміздің географиялық  жақындығы, мәдени-гуманитарлық және тарихи байланыстары, жоғары экономикалық әлеуеті екіжақты және өңірлік ықпалдастықты дамытуға бағытталуы тиіс. Біз өз тарапымыздан инвестициялық қолдау мен жан-жақты көмектің барлық түрін көрсетуге әзірміз. Бүгінгі форум елдеріміздің серіктестігін нығайта түсетін елеулі қадам болады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті форумға қатысушыларға табыс тіледі.

Р.Ердоған қазақ-түрік бизнес форумы екі ел халықтарының игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

– Біз Қазақстанда өзімізді ата-бабаларымыздың отанында жүргендей сезінетінімізді атап өткен жөн. Бұл біздің халықтарымыздың қарым-қатынасына айрықша маңыз береді. Сондықтан елдеріміз үшін кез келген саладағы бірлескен жұмыс маңызды. Біздің ынтымақтастығымызды саяси, экономикалық және мәдени салаларда әртараптандыру қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға және дамытуға септігін тигізетіні даусыз, – деді  Түркия Президенті.

Р.Ердоған сондай-ақ Қазақстан мен Түркия бизнесмендері екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту үшін бар күшін жұмылдырады деп үміттенетінін жеткізді.

– Көптеген түрік компаниялары Қазақстанда түрлі салаларда, соның ішінде машина жасау, фармацевтика, қорғаныс өнеркәсібі және басқа салаларда жұмыс істейді. Олар жұмыс орындарын ашып, инвестиция салады. Қазақстан қазір алдына «Қазақстан-2050» стратегиясында, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы-2020» сияқты құжаттарда межеленген жаңа стратегиялық міндеттер қойып отыр. Бұл бағдарламалар жаңа жобаларды жүзеге асыруды қарастырғандықтан, біз солардың аясында ынтымақтастығымызды жалғастыруға дайынбыз, – деді Түркия Президенті. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің