National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасына енгізілген нысандарды іске қосуға арналған жалпыұлттық телекөпірге қатысты

2012 жылғы 25 желтоқсан

Тікелей эфирдегі телекөпір барысында Индустрияландыру картасына енгізілген елеулі деген нысандардың тұсаукесері болып өтті. Жобалардың бір бөлігі табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың базасында жүзеге асырылуда. Өзге бағыттар базалық салаларды жаңыртуға, өңірлік дамуға, «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын іске асыруға арналған. 

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев «Инновация көшбасшысы» және «Индустрияландыру көшбасшысы» санаттарында республикалық «Алтын сапа» арнайы сыйлығын тапсырды, сондай-ақ «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілік конкурсы бойынша Гран-при жеңімпазын жария етті.  

Телекөпір жұмысын қорытындылай келе, Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудағы үш жылда еліміздің жалпы ішкі өнімі 20 пайызға артқанын атап өтті. Өндірілген өнімдер экспорты тәуелсіз Қазақстан тарихында 2011 жылы алғаш рет 22 миллиард долларға артты, бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 85 пайыз өскен.  

- Мен қазір ғана бірқатар жаңа индустриялық нысандарды іске қостым. Көріп отырғанымдай, олардың біраз бөлігі Кентау, Шар, Степногорск, Теміртау тәрізді моноқалаларда салынған. Бұл - менің бастамам бойынша қабылданған моноқалаларды дамыту жөніндегі бағдарламаның орындалуының алғашқы нәтижесі. Ұялы байланыстың төртінші буынын іске қосудың маңызы зор деп білемін. Бұл арқылы Қазақстан жаһандық ақпараттық қоғамға нақты қадам басты, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жалпы алғанда, индустрияландырудың үш жылы ішінде 537 жаңа нысан іске қосылғанын атап өтті. Олар өндірген өнімнің көлемі 1,4 триллион теңге болды. 110 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осы орайда, бұл кәсіпорындарды құруға мемлекет тарапынан 2,1 триллион теңге бөлінді.

- Осылайша осы уақыт аралығында бөлінген қаражаттың үштен екісі бүгінде біздің жаңа экономикамызға нақты өнім әкелді. Үдемелі даму бағыты инновациялық өнім көлемінің өсімін 2 есеге жеткізді, яғни, 236 миллиард теңге болды. Индустрияландыру картасы бойынша тағы 170 кәсіпорын ашылатын болады. 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Біздің ортақ тактикалық міндетіміз – таяу екі жылда индустрияландырудың алғашқы бесжылдығын табысты аяқтауды қамтамасыз ету, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміз «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағытты іске асыруға кірісетінін атап өтті.

- Біздің республикамыз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі керек. Осы орайда, индустриялық-инновациялық бағдарлама негізгі рөл атқарады. Бұл – маңызды жалпыұлттық жоба. Бүгінде әлемнің жетекші елдері әлемдік экономиканың болашақ архитектурасын жобалаумен айналысуда. Мысалы, АҚШ-та қайта индустрияландыру жоспары әзірленген, Қытайда 12 жылдық бағдарлама қабылданды, Еуропалық одақ 2020 жылға дейінгі тиісті стратегиясын бекітті. Шындығында, әлемдік экономиканы «қайта жаңғыртуға» дайындық басталып кетті, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті соңғы онжылдықта нақты экономикаға инновациялық әзірлемелер енгізу үдерісі жеделдетілгенін атап өтті.  

- Біз осынау жаһандық үрдістерге сай болуымыз керек. Қазақстан біз әлемдік экономиканы технологиялық қайта құруға қалай қатысатынымызды айқындауы тиіс. Сондықтан бүгін мен инновациялық дамудың басым бағыттарын айқындап бермекпін. Дұрысында, біз үшін үш негізгі өзара байланысты шешім баламасыз болып саналады. Біріншіден, бүгінде елімізге нақты табыс әкелетін қазіргі индустрияны мейлінше қолдау керек. Екіншіден, біздің экономикамызды әртараптандыру және үздіксіз жаңарту қажет. Үшіншіден, Қазақстанның индустриялық дамуының келесі қадамы ретінде жаңа инновация негізін дәйектілікпен қалыптастыруға тиіспіз, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы он жылда біздің экономикамызды дамытудың үш міндеті осымен айқындалатындығын айтты.           

- Оны іске асырудың негізгі құралы кластерлік тәсіл болуы тиіс. Бүгінде алдыңғы қатарлы елдерде кластерлік жаңа буынды – инновацияны белсенді қалыптастыру жұмыстары басталды. Өсімнің негізгі қозғалтқышына өнеркәсіп кәсіпорындары емес, ал инновациялық және білім орталықтары – университеттер, технологиялық және инженерлік мекемелер айналып отыр. Осы арқылы "үш сипатты спираль" - бизнестің университеттер мен мемлекеттің өзара байланысуы қалыптастырылуда. Осындай спиральді Қазақстанда да құру қажет. Дәстүрлі әкімшілік жүйе бұл міндетті жүзеге асыруда әлсіздік танытуда. Сондықтан кластерлік дамуды жаңаша ұйымдастыруды ресімдеу талап етілуде, - деді Қазақстан Президенті.         

Мемлекет басшысы кластерлік дамудың және кластерлік жаңа буынды іске қосудың перспективасы бар моделін таңдауды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Солардың арасында материал тану, туризм мен демалыс, азық-түлік өнеркәсібі мен биотехнология, баламалы энергетика, мұнай мен газ өндіру, өмір туралы ғылым, перспективалы компьютерлік технология мен дизайн, логистика бар.

- Сонымен бірге, екі жетекші инновациялық кластерлер – «Назарбаев Университеті» мен Инновациялық технологиялар паркін дамытуды жалғастыру қажет. Бұл екі кластер де жақсы дамуда. Мысалы, Инновациялық технологиялар паркі бір жылда 18 жаңа компанияны тартты және тек өткен жыл ішінде ғана жалпы сомасы 2 миллиард теңге салық төледі.  Сондай-ақ алдағы уақытта Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі кластерлік дамуға қуатты серпін беруі тиіс. Оған дайындық аясында кластерлік тәсіл негізінде баламалы энергетиканы дамытудың перспективалы моделін қалыптастыру қажет. Әрбір ұлттық кластер бойынша Жол картасын нақты әзірлеу керек. Кластерлік саясатты институционалдық қолдау мақсатында Үкіметке 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті осы саланы реттейтін саясат өнеркәсіп пен салалық саясатты толықтыруы және айқындап беруі керектігін атап көрсетті. Мемлекет дәстүрлі экономиканы қолдаудан бас тартпауға тиіс.

Жұмыстың тағы бір бағыты – инновациялық кәсіпкерлік желісін қалыптастыру және кеңейту.

Бұдан бөлек, университеттердің, зерттеу мекемелері мен өндірістік кәсіпорындардың өзара іс-қимылын нығайту маңызды. Инновациялық кластерлерді қалыптастыруға ғылым тартылуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қазақстанға белсенді технологиялық саясат қажет екеніне тоқталып өтті.

- Әлемдік тәжірибеге жасалған талдау техникалық жаңғыртудың көмегімен жабдықтарды ауыстыру және негізгі қорларды жаңарту еңбек өнімділігін 30-40 пайызға арттыратынын көрсетіп берді. Ал егер басқарушылық және өндірістік технологияларға жаңғырту жүргізілсе, онда еңбек өнімділігі жүз пайызға артатын болады. Жалпы алғанда, инновация индустриялық-инновациялық үдерістердің барлық кезеңін қамтуы тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің міндеті инноваторлардың сыни жиынтығын қалыптастыру болып саналатынына тоқталды.

- Оларды іздеу, даярлау және барынша қолдау қажет. Мен үкімет алдына 100 абсолюттік инновацияны іздестіру туралы міндет қойдым. Осы ретте, әлемнің еш жерінде абсолютті инновация жоқ екенін мен түсінемін. Бірақ бізде мұндай шешімді енгізу және табу үшін әлеует бар. Мысалы, біз барлық абсолюттік инновацияны қамтамасыз ете алмауымыз мүмкін. Сондықтан мен 2020 жылға дейін 10 инновацияны, одан кейін тағы 10-ын табу мақсатын қою керек деп ойлаймын және бұл жұмысты жүйелі, үздіксіз негізге жүргізу керек. Бұл - өте маңызды міндет. Үкімет оны шешу үшін тездетіп айналысуға тиіс, - деп қадап айтты Мемлекет басшысы.     

Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жаңғырту, жаңа салаларды дамыту және заманауи технологияны қолдану еліміздің еңбек ресурстарының сапасына қойылатын талапты арттыратынын атап өтті.

- Бұл университеттер мен кәсіби білім жүйесінен өздерінің білім беру бағдарламаларын сапалы жаңғыртуды талап етеді. Білім және ғылым министрлігіне Экономикалық даму және сауда министрлігімен бірлесіп, отандық еңбек нарығының перспективасына талдау жасауды және инновациялық экономика үшін жаңа мамандар даярлауды қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елдің прогресінің басты мәселесі жаңа кластерлік саясат негізінде индустрияландыру болып саналатынына тоқталды. Ол «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарына және барлық кәсіпкерлерге арнаған сөзінде олардың инновациялық үдерістерге белсенді қатысулары қажеттігін атап өтті.

- Барлығыңызды Қазақстанның технологиялық серпілісінің ауқымды идеясын жете түсінуге шақырамын. Біз жаңа буынды экономиканы бірге құрамыз. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген барлық мақсатқа міндетті түрде жетеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Іс-шара аясында Қазақстан Президенті Астана мен Алматыда LTE төртінші буынының жоғары жылдымдықтағы желісін ресми түрде іске қосты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің