Жаңалықтар

7 маусым 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында Қытайдың дәстүрлі медицина орталығының ашылу рәсіміне қатысты

Іс-шараға Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Президент Іс басқармасының, Іс басқармасына қарасты Медициналық орталықтың  басшылығы, Қытайдан келген әріптестер, орталық қызметкерлері және тағы басқа азаматтар қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде биыл екі ел арасындағы  дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толғанын атап өтті. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасында жылы әрі достық қарым-қатынас орнағанына ерекше тоқталды. Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейі, сенімді диалог, әріптестікті нығайтуға деген өзара мүдделілік соның нәтижесі болып саналады.  

Мемлекеттік хатшы Қытай медицинасы тамырын тереңнен алатынын, ол дәрігерлердің мыңдаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибесіне негізделетінін айтты.  

– Біздің азаматтар ем алудың баламалы әдістеріне жиі жүгінетін болды. Бүгін ашылып отырған Қытайдың дәстүрлі медицина орталығы қазақстандықтардың емделу мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізеді. Бұл орталық халық денсаулығын сақтаудың үздік ресурстарының бірі болатынына сенімім мол, - деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар