Жаңалықтар

10 қыркүйек 2009
Ақтөбеде Мемлекет басшысының қатысуымен қаланың құрылғанына 140 жыл толуына арналған салтанатты іс-шаралар өтті.
big-Актобе

Мемлекет басшысы түстен кейін облыстағы Достық үйімен танысты. Мұнда концерт залы, салтанат залы, хореография, дайындық бөлмелері, конференция залы, мұражай, компьютерлік сынып, дыбыс жазу студиясы, этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің жұмыс бөлмелері бар. 

Ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілерімен жүздесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Достық үйіне шағын автобусты сыйға тартты.

Одан кейін Мемлекет басшысы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға келді. Мұнда Ақтөбенің 140 жылдық мерейтойына арналған негізгі мерекелік іс-шаралар басталды. Бүгінде бұл Қазақстанның ірі өнеркәсіп және мәдени орталығы, көлік инфрақұрылымы, заманауи әуежайы дамыған қала. 140 жыл ішінде Ақтөбе тұрғындарында ерекше қалалық мәдениет пен өзіндік дәстүр қалыптасқан. Ақтөбе әр түрлі ұлт және дін өкілдері өмір сүріп жатқан заманауи, әдемі қалаға айналды. 

Президент қазақстандықтардың достығы мен бірлігі ең батыл мақсаттар қойып және оны шешуге мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Адамдармен кездесу кезінде, Мемлекет басшысы елімізді одан әрі дамыту, Қазақстанның жаңа индустрияландыру жоспары, еліміздің барлық азаматтарының өмірін жақсарту жөніндегі президенттік бастамаларды олардың қызу қолдайтынын сезінді. 

Қазақстанның дамуына ақтөбеліктер де айтарлықтай үлестерін қосуда. 

Мемлекет басшысы қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, барлық қалалықтар мен облыс тұрғындарына амандық, денсаулық және бақыт тіледі. 

Президенттің Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары «Олимпийский» спорт кешінінің бір бөлігі болып табылатын Ақтөбедегі жаңа теннис орталығымен танысуымен аяқталды. Орталықтың құрамына 4 жабық, 6 ашық корттар, 2 жаттығу залы, оқу-әдістемелік сыныбы кіреді. 

Президент соңғы жылдары тенниске әуестенушілер қатары қазақстандықтардың арасында артып отырғанын атап өтті. Әсіресе, онымен жастардың көп айналысуының маңызы зор. Сондықтан Қазақстанның әрбір ірі қаласында бүгінде жаңа теннис корттары бар. Өткен жылы Астанада заманауи Халықаралық теннис орталығы ашылды. 

Мемлекет басшысы таяу келешекте қазақстандықтардың халықаралық теннис ойындарында өздерін айрықша көрсететініне сенімді екенін жеткізді. Ол спортты дамытып, салауатты өмір салтын ұстану қажеттігін ерекше атап өтті. 

Президент спортшыларға жаңа рекорттар мен жоғары көрсеткіштер тіледі. 

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Президент Ақтөбе облысының даму қарқынына қанағаттанушылық білдірді және облыс басшылығына оң баға берді. Мұнда 54 индустриалдық-инновациялық жоба жүзеге асырылуда, 33 мың жаңа жұмыс орны, соның ішінде жол картасы аясында 24 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 

Жалпы, Қазақстан бойынша жағымды өзгерістер орын алуда. Барлық облыстарда өңірлік жол картасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Біздің бірлігіміз, болашаққа деген ұмтылысымыз, барлық қазақстандықтардың жұмысқа қабілеттігі – бұл біздің табысымыздың кепілі, - деп атап өтті Н. Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар