Жаңалықтар

22 қыркүйек 2008
Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің қатысуымен екі елдің шекаралас өңірлері басшыларының V форумы болып өтті.

big-01.jpg

big-02.jpg

Форум аясында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевтің кездесуі болды. Мемлекеттер басшылары отын-энергетика және көлік саласындағы, шекаралас және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы екіжақты нақты жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде пікір алмасты.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін екі елдің басшылары және оларға еріп жүрген ресми тұлғалар «Қоныс» спорт сарайына барып, «Жоғары технологиялар - өңірлерге. Шекарадағы ынтымақтастық» атты қазақстандық-ресейлік тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады.

Көрмеге Қазақстан Республикасының жеті өңірінің тауар өндірушілері мен даму институттары, ал Ресей Федерациясы жағынан 13 өңірдің тауар өндірушілері қатысты. Сондай-ақ Ақтөбе облысының озық жобалары мен «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды.

Көрме аясында Ақтөбе мен Хромтау қаласының тау-кен комбинаты арасында «он-лайн» режимінде байланыс ұйымдастырылды.

Содан кейін мемлекеттер басшыларының кортежі Әулие Никольск православиелік храмына бағыт алды. Жаңа храм барлық шіркеу талаптарына сай келеді.

Сондай-ақ президенттер қаланың 12-ші шағын ауданында салынған жаңа мешітке ат басын тіреді. Сәулетті мешіт Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ ғимарат болып табылады. Мешіт пен православиелік храм құрылысына жұмсалған қаржы демеушілер мен азаматтардың үлесінен жиналған.

Мемлекеттер басшылары қаланың бірқатар нысандарымен танысқаннан кейін облыстық мәдениет орталығында өткен Қазақстан және Ресей шекаралас өңірлері басшыларының V форумының жалпы отырысына қатысты.

Форумда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев шекаралас өңірлер басшыларының кездесуін тұрақты негізде ұйымдастыру – Қазақстан мен Ресейдің екіжақты ықпалдастығының айқын дәлелі екенін атап өтті.

- Ақтөбеде өтіп отырған бүгінгі форумның айрықша маңызы бар. Бұл форум біздің екі елдің Достық және ынтымақтастық жөніндегі маңызды құжатқа қол қоюының он жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі екіжақты қарым-қатынастың ұзақ мерзімді сипатын аңғартады, - деді Қазақстан Президенті.

Екі мемлекеттің басшылары жыл сайынғы өңірлердегі кездесудің көкжиегін кеңейтуге келісті. Бұл форум жұмысына біздің елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға айрықша үлес қосып жүрген қазақстандық және ресейлік өңірлердің басшылары қатысып отыр. Олардың қатарында Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларының, Свердловск облысының, Ингушетия, Татарстанның басшылары бар. Сондай-ақ бұл жолғы кездесуге республикамыздың он алты өңірінен он бір әкім қатысуда.

- Осылайша, бұдан былай шекаралас өңірлер форумы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумына айналып отыр, - деп мәлімдеді Н.Назарбаев.

Қазақстан басшысы бүгінгі кездесу жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналып отырғанын атап өтті. Қазақстан мен Ресей бүгінде атом энергетикасы, ғарыш салаларында белсенді өзара іс-әрекет етуде. Ағымдағы жылы Инновациялық даму бойынша қазақстандық-ресейлік ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Қазақстан Президенті екі мемлекеттің инновациялық салада ықпалдасуы - әлемдік ғылыми-технологиялық кеңістіктегі өзіндік бірлескен орынды иеленудің маңызды кезеңі екендігі жөнінде пікір білдірді.

Форум аясында өзара ынтымақтастық туралы екіжақты құжаттарға қол қойылды, содан кейін Мемлекеттер басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап мәлімдеме жасады.

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының келесі кездесуі 2009 жылдың қыркүйегінде Орынбор қаласында өтетін болды.

Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзінің мәтінінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар