Жаңалықтар

30 қыркүйек 2010
Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы– Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті мәжілісі болып өтті.

«Бүгін іріктеу конкурсының кезеңдерінен ойдағыдай өткен жас қазақстандықтарға Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалады. Экономиканың барлық салаларына қажетті, Елбасы артып отырған үмітін толығымен ақтайтын және елге алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының дипломдарымен оралып, Қазақстанның одан әрі дамуына елеулі үлес қосатын  әлеует – «болашақтықтар» екендігіне сенемін», - деп                           Қ. Саудабаев өз кіріспе сөзінде атап өтті.

2010 жылғы 23 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында өткізілген конкурстың бірінші және екінші турларының нәтижесі бойынша республикалық комиссияның қарауына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін 501 үміткердің жеке құжаттары ұсынылды.

Оның ішінде 97 үміткер шетелдің жоғары оқу орындарына өз бетімен түскендер ретінде, 404 үміткер жалпы конкурс бойынша  конкурстық іріктеуге қатысқан.

Үміткерлердің жалпы саны бойынша бағдарламалар бөлінісінде: бакалавриат бойынша - 297; магистратура бойынша – 185; маман  бойынша – 14; докторантура бойынша – 3; ғылыми тағылымдама бойынша – 2 үміткер шет елде оқу үшін өтініш білдірген.

Үміткерлердің көпшілігі құжаттарын АҚШ-та (198 адам),   Ұлыбританияда (85 адам), Канадада (48 адам), Швейцарияда (29 адам) оқу үшін тапсырған, ал қалғандары Малайзия, Ирландия, Қытай, Австралия,  Чехия, Украина, Норвегия, Жапония, Ресей, Германия сияқты елдерді таңдаған.

Басым мамандықтар тізбесінен үміткерлер мынадай мамандықтарды таңдаған: «Ақпаратттық технологиялар және жүйелер», «Мұнай және газ ісі», «Өндірістік инжиниринг», «Құқық», «Туризм саласындағы менеджмент, мейманхана менеджменті, спорт менеджменті»,  «Телекоммуникациялық жүйелердегі ақпараттық қауіпсіздік», «Электроника», «Математика», «Бухгалтерлік есеп», «Қоршаған ортаны қорғау», «Информатика», «Экономика»,  «Құрылыс және архитектура»,   «Авиациялық және зымыран-ғарыштық техника», «Аграрлық техника және технология».

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 203 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар