National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы президенттері кездесуінің қорытындысына арналған бірлескен брифинг

2015 жылғы 20 наурыз

 

Қазақстан Президенті үш ел экономикасының биылғы дамуы бұдан арғы  ықпалдастықтың мәселелерін егжей-тегжейлі қарастыруды және туындайтын мәселелерді шешуді қажет ететінін атап өтті.

– Экономикаларымыздағы дағдарыс құбылыстарын еңсеру жөніндегі іс-қимылдардың бірлескен жоспарын әзірлеу маңызды. Бүгінгі кездесу нақ осы тақырыпқа арналды. Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Үкіметтерімізге өзара сауда өсімін қайта жаңғырту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдық, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты реттеу мәселесі де талқыланғанын айтты.

– Бұл мәселе жөнінде мемлекеттеріміздің әрқайсысының ұстанымы белгілі. Біз мәселеге нақты қараймыз. Украинада қалыптасқан ахуалдан дипломатиялық жолмен шығу қажет,  бұл мәселе әскери жолмен шешімін таппайды. Осы орайда, қабылданатын кез-келген шешім іргелі халықаралық құқық қағидаттарына негізделгені маңызды. Біз Украинаның тұрақты, тәуелсіз және аумағы біртұтас мемлекет болып қалуына мүдделіміз. Қазақстан Минск келісімдерін және қол жеткен уағдаластықтарды барлық тараптың орындауын қолдайды, – деді Қазақстан Президенті.

Ресей Президенті мемлекеттер басшылары өзара қарым-қатынастардың кешенді мәселелерін талқылағанын айтты.

– Біздің елдерімізді сауда және инвестициялық тығыз байланыстар біріктіреді. «Үштіктің» ІЖӨ жиынтық көлемі ТМД-ның жалпы өнімінің 85 пайызын құрайды. Біз орасан өндірістік және ғылыми әлеуеті бар ірі нарық қалыптастырудамыз. Ресей Қазақстан мен Беларусьтің сыртқы саудасында бірінші орын алады. Өткен жыл қорытындысын бойынша Ресейдің осы екі елмен тауар айналымы 60 миллиард долларды құрады. Ал Беларусь пен Қазақстан Ресей Федерациясының сауда теңгерімінде үшінші орынды иеленіп отыр, – деді В.Путин.

Ресей Президенті үш елдің өнеркәсіптік-технологиялық кооперация, машина жасау, ғарыш және энергетика салаларындағы байланыстары нығайып келе жатқанына назар аударды.

В.Путиннің мәлім еткеніндей, келіссөздер барысында Украинадағы ахуал жөнінде де әңгіме болды.

– Қазақстан мен Беларусь президенттерінің бұл проблеманы реттеуге белсене қатысқанын атап айтқым келеді. Минскіде қол жеткен келісімнің арқасында қарулы қақтығысты ушықтырмаудың мүмкіндігі туды, – деді Ресей Президенті.

А.Лукашенко кездесу барысында үш елдің өзара ықпалдастық бағыты, сондай-ақ орнықты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында сауда, ақша-несие және басқа салаларда қабылдануы қажет шаралар талқыланғанын айтты.

– Бұдан арғы іс-қимылдардың барлық бағыттары бойынша ұстанымдардың сәйкес келуі біздің кездесуіміздің қорытындысы болды. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықты әлемдік конъюнктураның жаңа жағдайлары мен елдеріміздің экономикаларындағы қазіргі ахуалды ескере отырып дамыту үшін қосымша шарттар қалыптастыру жөнінде нақты қадамдарды белгіледік, – деді Беларусь Президенті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің