Жаңалықтар

12 маусым 2015
Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті

Отырыс барысында экологиялық қауіпсіздік мәселелері, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

 

Отырыс барысында экологиялық қауіпсіздік мәселелері, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысындағы Қалачи және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылдары тұрғындарының денсаулығын қорғауға қатысты мәселелерді тездетіп реттеу қажеттігін айтты. Осыған байланысты халықтың өздері тұратын өңірдегі экологиялық ахуал туралы ақпаратқа еркін қолы жетуін қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді.

– Қалачи ауылындағы құбылыстың себебі неден екенін әлі ешкім дұрыстап түсіндірген жоқ. Құзырлы органдар жағдайды анықтай алмаса, қажетті сарапшылары жоқ болса, онда шетелдіктерді шақырып, бұл істі соларға тапсыруы керек еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті экологиялық қатерлерді болжап, алдын алудың тиімді тетіктерін жасау техногенді және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан болатын шығынды мейлінше азайтуға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Мемлекет басшысы Үкімет мен жергілікті атқарушы органдар Қазақстанды орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді орындаумен қатар жануарлар мен өсімдік әлемінің биоалуандығын сақтауды қамтамасыз етуге, соның ішінде бірқатар облыстардағы киіктің жаппай қырылуының басты себептерін анықтауға міндетті екенін айтты.

– Әрқилы болжамдар мен қарама-қайшы пікірлер айтылуда. Ол дегенің бұл бағытта мүлде жөнсіздік орын алып отырғанын, тиісті мамандардың жоқтығын, осындай жағдайға әкеп соқтырған жайттарды анықтай алмағандықты білдіреді, –  деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, табиғат қорғау саласындағы саясат ресурс үнемдеу, шаруашылық қызметінің барлық саласында қалдықсыз технологияларды енгізу мәселелерін шешу ісіне бизнесті ынталандырып, кеңінен тартуға бағытталуы тиіс.

Ел халқының денсаулығы мен жоғары сапалы, жайлы тұрмысын қамтамасыз ету Қазақстан ғылымынан қоршаған орта ахуалына стратегиялық талдау жасауға және кез келген теріс құбылыстың алдын алуға мүмкіндік беретін серпінді зерттеулер мен әзірлемелерді талап етеді.

Мемлекет басшысы қоршаған ортаның ахуалын мониторингілеу, экология саласындағы қатерлерді алдын ала анықтау үшін Жерді қашықтан зондтайтын, 2014 жылы іске қосылған қазақстандық екі ғарыш аппаратын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар Елбасы индустрияландыру, аграрлық сектор мен шағын және орта бизнесті дамыту міндеттерімен бірге Қазақстанның экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөлуі қажеттігіне назар аударды.    

Жердің шөлейттенуі мен тозуы, кейбір елді мекендердегі ауа сапасының нашарлығы, суды тиімсіз пайдалану, өнеркәсіптерден зиянды заттардың ауаға тарауы мен қоқыс тастайтын орындардың ретсіз орналасуы, тұрмыстық қалдықтардың қордалануы сияқты қатерлер мемлекет пен бизнес тарапынан нақты шаралар қабылдауды қажет етеді.

Энергетика министрі В.Школьник өз баяндамасында экологиялық ахуалға, мемлекеттік органдардың осы саладағы, соның ішінде Қазақстанның «жасыл экономикаға» өту жөніндегі тұжырымдамасы аясындағы қызметіне шолу жасады. 

Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Үкіметке бірқатар нақты тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеңесінің Хатшылығына жүктеді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар