National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Украина Президенті Петр Порошенконың Қазақстанға ресми сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті

2015 жылғы 09 қазан

 

Кездесу барысында Елбасы Қазақстан мен Украинаны достық және өзара құрметке негізделген тығыз тарихи қарым-қатынастар байланыстыратынына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бүгінде тегі украин 300 мыңнан астам азамат тұрып жатқанына, олар біздің қоғамның бөлінбес бөлшегі ретінде еліміздің дамуына зор үлес қосып отырғанына назар аударды.   

Мемлекет басшысы сондай-ақ мейлінше өзекті саяси және экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланған шағын құрамдағы кездесудің нәтижелі болғанын айтты.

Көптеген мәселелер жөнінде бізде толық түсіністік бар. Мемлекетаралық комиссияның алдағы отырысы барысында барлық негізгі бағыттар егжей-тегжейлі пысықталады. Бүгінгі бизнес форум да іскер топтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа өз үлесін қосатын болады. Қазір обьективті себептерге байланысты тауар айналымының төмендегеніне қарамастан, біз ынтымақтастығымызды бұдан әрі де нығайта түсу үшін мүмкіндіктер тауып отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Украина Президенті өз кезегінде тарихи оқиға – Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленіп жатқан кезде сапарлап келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. П.Порошенко бүгін өткен келіссөздер сауда-экономикалық, гуманитарлық және саяси серіктестікті жандандыруға септігін тигізетініне де сенім білдірді.

– Мен Сізге елдеріміздің арасындағы сенімге, өзара құрметке негізделген саяси диалогты дамытуға деген ниетіңіз үшін ризамын. Біз Қазақстан мен Украина қарым-қатынастарының әлеуетін іске асыруға тиіс екенімізге сенімдімін. Қазақстанның іргелі халықаралық құқық қағидаттарын берік ұстанатындығы, сондай-ақ Сіздің елдің халықаралық ұйымдарда жоғары рөл атқарып отырғаны мен үшін және бүкіл украин халқы үшін аса маңызды, – деп атап өтті Украина Президенті. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің