Жаңалықтар

18 наурыз 2015
Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

 

Қазақстан Президентіне Төтенше және Өкілетті Елшілер – Кувейт Мемлекетінен Тарик Абдулла Әл-Фарадж, АҚШ-тан  Джордж Альберт Крол, Пәкістан Ислам Республикасынан Абдул Салик Хан, Болгария Республикасынан Васил Петков, Сауд Арабиясы Корольдігінен Гурм бен Саид Әл-Милхан сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды дипломатиялық жұмыстарының басталуымен құттықтап, олардың біздің елмен қарым-қатынастарды бұдан әрі дамытуды қамтамасыз ете отырып, өздеріне жүктелген міндетті лайықты атқаратынына сенім білдірді.

– Сіздердің жұмыстарыңыз әлемдегі ахуал тұрақсыздана түскен күрделі кезеңге тап келіп отыр. Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін де салмақты сынақтар кезеңі. Жаңа сын-қатерлер жағдайында Қазақстан үшін ішкі тұрақтылықты, қоғамдық келісімді сақтау маңызды. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы еліміз бірауыздан қолдап, сайлау биылғы 26 сәуірге белгіленді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев алдағы сайлау Қазақстан қоғамының саяси кемелденуін, демократиялық құндылықтар мен заң үстемдігіне беріктігін көрсететінін айтты.

– Қазақстан барынша ашық әрі әділ сайлау үдерісін қамтамасыз етуге ниетті. Сайлау Қазақстанның тұрақтылығын қамтамасыз етуге қуатты серпін береді. Ал тұрақтылық – экономика мен қоғамды жаңғыртудың ауқымды міндетін атқарудың басты шарты, –  деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде еліміз өз дамуының жаңа тарихи белесінде тұрғанына назар аударды. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында маңызды бес институционалдық реформаны іске асыру басталатынын айтты. Бұлар – кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім, болашағы біртұтас ұлт, транспарентті және есеп беруші мемлекет.

Мемлекет басшысы еліміздің әрі қарай дамуы үшін маңызды жобалар жөнінде де  айтты.

–  «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы Қазақ елін Орталық Азия өңірінің іскерлік, транзиттік және логистикалық хабына айналдыруды көздейді. Мұны жүзеге асырған соң Қазақ елі Азияны Еуропамен жалғайтын ең қысқа жолды қамтамасыз ететініне сенімдімін. Астанада өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі іскерлік ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын болады. Соның бәрі өзара іс-қимылды арттыру үшін перспективаларға жол бастайды. Сіздердің жұмыстарыңыз екіжақты байланыстардың әлеуетін барынша кеңейтуге бағытталады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы көпсалалы стратегиялық серіктестіктің деңгейі жоғары екенін қанағаттанушылықпен атап өтті.

– АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін әлем мемлекеттері арасынан алғашқылардың бірі болып таныды және қауіпсіздігімізге кепілдік берді. Бүгінде Вашингтонмен арада биік деңгейдегі серіктестіктің сенімді диалогы қалыптасқан. Біз осы үкіметаралық және ведомствоаралық тығыз қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Ресурс өндіру және оны әлемдік нарықтарға тасымалдаудағы энергетикалық серіктестігіміз белсенді түрде дамып келеді.  Қазақстанда 400-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде ғана екі ел арасындағы тауар айналымы 2,4 миллиард доллар болды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екі елдің халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша ортақ мүдделестігі бар екеніне тоқталды. Бұл – ядролық қарусыздану және таратпау, Ауғанстанды қалпына келтіру, Орталық Азияда тұрақтылықты сақтау және өзге де маңызды мәселелер.

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігі біздің араб және мұсылман әлеміндегі негізгі серіктесіміздің бірі екеніне назар аударды.

– Корольдік халқы мен басшылығы Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде зор достық қолдау көрсетті.  Біз оны ешқашан ұмытпаймыз және жоғары бағалаймыз. Елдеріміздің арасындағы саяси диалог сенімге құрылған. Ол сауда және экономика саласында өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге берік негіз қалады. Инвестиция, ғылым, технология алмасу саласындағы ынтымақтастық үшін құқықтық негіз және тиісті жағдай жасалған. Ауыл шаруашылығы кешенінде, мұнай химиясы, энергетика, көлік, туризм салаларындағы іс-қимылды арттыруға ортақ мүдделілік бар.  Біз Астана мен Эр-Рияд арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырып, бұдан әрі нығайта түсуге әзірміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Кувейт Мемлекетімен арадағы байланыстардың жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.

– Былтыр Әл-Кувейтте Қазақстан елшілігі, ал биыл Астанада Кувейт елшілігі ашылды. Дипломатиялық миссиялар саяси, сауда және экономикалық, инвестициялық байланыстарға тың серпін береді деп сенемін. Бұл орайда, жоғары деңгейдегі сапарлардың маңызы зор екені анық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті біздің еліміз Пәкістанды Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі перспективалы серіктес ретінде қарастыратынын айтты.

– Біз Исламабадпен арадағы саяси және экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан – астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі көлемде өндіретін ел. Сондықтан Пәкістанға агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізу мәселесін қарастыруымызға болады. Пәкістанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезіне, Астана Экономикалық Форумына белсене қатысуын жоғары бағалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы  Қазақстан мен Болгарияның арасында дәстүрлі достық байланыстар орныққанына назар аударды.

– Елдеріміздің арасында берік құқықтық шарттар базасы жасалып, үкіметаралық байланыстар орныққан. Парламентаралық ынтымақтастық белсенді дамытылуда. Біздің саяси диалогымыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық арқылы беки түсуде. Қазақстандағы болгар қауымы да «халықтық дипломатияда» аса маңызды рөл атқарып отыр. Біздің елде болгар этносының мыңдаған өкілі тұрып жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстан мен Болгарияның өзара сауда көлемі әзірге айтарлықтай емес. Бұл мәселе бірлескен күш-жігерді жұмылдыру арқылы шешілетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев осы рәсімге қатысушыларды алдағы уақытта  бірлескен ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанына тоқталды.

– Бұлар – 8-Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 5-съезі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының қолдауымен өтетін шаралар және басқа ірі халықаралық жобалар.  Қазақстан таяу уақытта Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіргелі отырғаны мәлім. Бұл қадам шет елдермен ынтымақтастық аясын кеңейтуімізге септігін тигізері анық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Республикамыздың өзара сенім, тең құқықтылық және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген сыртқы саясаты бейбітшіл, теңгерімді саясат болып қала беретінін айтты.

– Сіздердің қызметтеріңіз ынтымақтастықты кеңейтіп, мемлекеттердің қарым-қатынасына тың серпін береді деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы елшілерді Астанадағы дипломатиялық қызметтерінің басталуымен тағы  да құттықтап, оларға зор табыс және қонақжай Қазақ жеріндегі жұмыстарының жемісті болуын тіледі.

***

БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Кувейт Мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі өз елінің Әмірі Сабах әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабахтың Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған сәлемін жеткізді. Дипломат сондай-ақ жылышырайлы қабылдау мен ілтипат үшін Қазақстан халқына ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Қазақстандағы тұрақтылық пен бақ-берекені атап өтті.

– Елдеріміздің арасындағы экономика, саясат, мәдениет және қауіпсіздік саласында дамып келе жатқан қарым-қатынастар одан әрі нығайып, тереңдей түседі деп үміттенемін. Қазақстан экономиканы дамытуды, саяси жүйені демократияландыруды жүзеге асыруда, ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ өңірлік және жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылық орнату ісіне елеулі үлес қосып отыр,  – деді Д.Крол.

Пәкістан Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі аумағы жөнінен Орталық Азиядағы аса ірі және халық саны бойынша екінші мемлекет саналатын Қазақстанның Еуразия жүрегінде стратегиялық орынға ие болып отырғанына тоқталды.

– Орасан мол энергетикалық қоры мен жедел экономикалық даму қарқыны арқасында Қазақстан баға жетпес серіктес және өңір дамуының локомотиві болып саналады. Екі елдің де сауда, қаржы, технология және мәдениет саласында одан әрі ынтымақтасуға қажетті зор әлеуеті бар. Қазақстандағы қызметімде мен күш-жігерімді экономикалық байланыстарды, сондай-ақ энергетика, инфрақұрылым және коммуникация салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға жұмсайтын боламын, – деді Абдул Салик Хан.

Болгария Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі екі елдің арасындағы байланыстардың тамыры тереңде жатқанына тоқталды.

– Мен ынтымақтастықты ілгерілетуге, оған стратегиялық сипат беруге бар күш-жігерімді жұмсаймын, өйткені бұл үшін қажетті саяси ерік-жігер бар. Қазақстанда 4500 этникалық болгар тұрып жатыр. Олар республиканың лайықты азаматтары, екі халықтың арасындағы достықтың дәнекері болып саналады. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, сауда саласында игерілмеген зор әлеует бар. Мен осы және басқа да бағыттарды дамытуға күш саламын, – деді Васил Петков.

Сауд Арабиясы Корольдігінің  Төтенше және Өкілетті елшісі екі елдің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

– Корольдік пен Қазақстанның арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастар жоғары деңгейде. Тұрақты болып тұратын сапарлар барысында көптеген сауда-инвестициялық келісімдерге қол қойылады. Сонымен қатар, қазақстандықтар Сауд Арабиясына іскерлік, қажылық және умра жасау мақсатында да барып жатады, – деді Гурм бен Саид Әл-Милхан.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар