Жаңалықтар

27 қыркүйек 2012
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Жемил Чичекпен кездесті

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

- Біз экономика және мәдени салалар бойынша белсенді ынтымақтастықтағы бауырлас мемлекеттерміз. Кездесулер жоғары деңгейде ұдайы өткізіліп тұрады. Түркия Президенті Абдулла Гүлмен кездесуді және Премьер-Министр Реджеп Ердоғанның таяудағы біздің елімізге сапарын ерекше атап өткім келеді. Біздің өзара қарым-қатынасымызды нығайту мақсатында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, еліміздің өңірлерінде 20-дан астам қазақ-түрік лицейі және 2 университет жұмыс істейді. Бұл - біздің елдеріміздің арасындағы өзара сенім мен қарым-қатынастардың дамуының жоғары динамикасының айғағы. Қазақстан мен Түркия арасындағы парламенттік байланыстарды осындай жоғары деңгейде нығайту қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Жемил Чичек кездесу үшін алғысын білдірді және Қазақстан Президентіне Түркия басшылығының сәлемін жеткізді.

- Бұл менің Қазақстанға тұңғыш сапарым емес. Сіздің еліңізге әр келген сайын еліңіздің және оның Астанасының қалай дамып келе жатқанын байқаймын. Осы жолғы сапарым барысында тағы да осыған көз жеткіздім. Бұл келуім біздің елдеріміз арасындағы парламентаралық байланыстарды одан әрі жандандыру және нығайту мақсатын көздейді, - деді Ж.Чичек.

Сондай-ақ кездесуде Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты және парламентаралық қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланды.

 

Кездесудің бейне нұсқасын осы жерден көріңіз.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар