Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

17 сәуір 2013
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен кездесті

Кездесуде екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары жөнінде кең ауқымдағы мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, екі елдің сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастығын тереңдету мәселесі талқыланды.

Кездесуде екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары жөнінде кең ауқымдағы мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, екі елдің сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастығын тереңдету мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, тараптар өзекті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев С.Ниинистёнің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының маңыздылығын атап өтті.

- Біздің елдеріміздің даму тарихында ортақ ұқсастықтар бар. Қазақстан мен Финляндия қарым-қатынасы 1992 жылдан бері табысты жалғасып келеді. Біз мейлінше тығыз екіжақты экономикалық және саяси өзара іс-қимылды дамыту ниетіндеміз. Сондықтан Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Біз оның табысты болып, достығымыз бен қатынастарымыз нығая түсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде С.Ниинистё өзінің Финляндия Республикасының Президенті қызметінің бастапқы кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізуінің маңыздылығын атап өтті.

- Сіз елдеріміз арасында көптеген ортақ нәрсе, соның ішінде тарихи оқиғаларға қатысты ұқсастықтар бар екенін дұрыс айттыңыз. Біз Сіздің Финляндияға сапарыңызды қанағаттанушылық сезіммен еске аламыз. Сол кезде біз кездесу мүмкіндігіне ие болдық, ол уақытта мен Финляндия Парламентінің спикері едім. Сіздің Финляндияға сапарыңызды есіңізге алғаныңыз бізді де қуантады, - деді С.Ниинистё.

Кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті фин делегациясы мүшелері мен іскер топтар өкілдеріне қошемет білдірді.

- Шағын құрамда өткен әңгімелесу барысында біз Финляндия Президентімен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың барлық аспектісін талқыладық және даму әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отыр деген пікірге келдік. Біз Финляндияны Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктесіміздің бірі ретінде қарастырамыз және екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін кеңінен дамытуды қалаймыз. Мен Қазақстанда фин тарапы қызығушылық таныта алатын көп нәрсе бар екеніне, сол сияқты Финляндия біз үшін өте маңызды екендігіне сенемін. Соңғы жылдары біздің жоғары деңгейдегі байланысымыз фин бизнесінің Қазақстан нарығындағы өз аясын кеңейте түсуіне жол ашты. Қазір елімізде фин капиталының қатысуымен 70-тен астам компания экономиканың әр түрлі саласында жұмыс істейді. Бұл біздің екіжақты қатынастарымызды дамытуымызға негіз бола алады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз сөзінде С.Ниинистё Астанадағы жылы шырайлы қабылдау үшін алғысын айта келе, екі елдің өзара іс-қимылын нығайтуға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.                 

Финляндия Президентінің Қазақстанға сапары технология трансфертіне, инновация мен инфрақұрылымды дамытуға, су және өзге табиғат ресурстарын тиімді басқаруға тірек болатын экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап беруге бағытталған.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар