National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы еліміздің бір топ азаматтарына награда тапсырды

2014 жылғы 06 мамыр

 

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқару кезінде батылдық пен жанқиярлық көрсеткен бір топ әскери қызметшілер, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

Қазақстан Президенті марапатталған әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында өз өмірлерін қатерге тігіп, адамдарды құтқарып қалғандар бар екенін атап өтті.  

– Сіздер тек өз қызметтеріңізді ғана емес, азаматтық борыштарыңызды да абыроймен атқардыңыздар, жастарға үлгі болдыңыздар. Өмірде ерлікке әрдайым орын бар екенін дәлелдедіңіздер. Араларыңызда күш-қуаты мен уақытын аямастан өз қызметінде ұдайы үздік нәтиже көрсете отырып, ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп келе жатқандар да бар. Отанға қалтқысыз қызмет – азаматтық ерлік пен жанқиярлылықтың шынайы көрінісі. Баршаңыз еліктеуге, үлгі алуға лайықтысыздар, сіздерге қарап жастар бой түзейді. Сіздердің істеріңіз – өз халқын сүюдің және оған адал болудың үздік үлгісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы марапат алғандарға зор жауапкершілік артылатынын, олар азаматтарымыздың бейбіт өмірін қорғай жүріп, өскелең буынға үлгі болуға тиіс екенін айтты.

 Марапатталғандар өз кезегінде Қазақстан Президентіне жоғары сенімі мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, олар өз еліне қалтқысыз қызмет етуге, кәсіби деңгейі мен шеберліктерін арттыруға, мемлекеттің егемендігі мен Қазақстанның бейбіт аспанын қорғауға әрқашан әзір екендіктерін жеткізді.

Қорғаныс, ішкі істер және төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы),  Бас прокуратура  және  «Қазақстанның ішкі істер органдары мен ішкі әскерлері ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұсыныстары бойынша барлығы 60 адам наградталды.

Олардың ішінде ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен 8 адам, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен - 14, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен - 7, «Құрмет» орденімен - 2, «Ерлігі үшін» медалімен - 8, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен - 18, «Ерен еңбегi үшiн» медалімен - 1, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен екі адам атап өтілді.

Салтанатты рәсім барысында ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен  ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары М. Ахметжанов, Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы  Б.Бердалин,  Қорғаныс министрлігі 68665 әскери бөлімінің командирі А.Джумакеев, Ақмола облысының прокуроры М.Исәділов, Төтенше жағдайлар министрлігінің Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М.Ысқақов және ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Н.Орманбетов марапатталды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығы аппаратының басқарма бастығы Р.Жамбылова, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департамент бастығының бірінші орынбасары С.Климчук, ҚР Қорғаныс министрлігі 14776 әскери бөлімі командирінің орынбасары – бөлім орталығының бастығы А.Мұқатаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі жеке авиациялық эскадрильясының командирі Е.Смағұлов марапатталды.

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 7552 әскери бөлімі атқыштар батальонының бөлімше командирі Ж.Баянбаев, ҚР Қорғаныс министрлігі 53898 әскери бөлімі авиациялық эскадрильясының (жеңіл реактивті ұшақтар) аға авиация механигі Б.Мойнов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Көкшетау қаласы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Ю.Новосельцев, 0112 әскери бөлімінің бөлімше командирі  Ғ.Тойшыбаев наградталды.

«Ерлігі үшін» медалімен ҚР Қорғаныс министрлігі 64471 әскери бөлімінің аға офицері О.Баукен, Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ өрт сөндіру кезекші қызметі жетекшісінің көмекшісі М.Дүйсенбаев, Павлодар облысы ішкі істер департаменті Павлодар қаласы ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирінің орынбасары Е.Нұрғалиев, ал «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен  Қорғаныс министрлігі 74884 әскери бөлімінің командирі А.Асанбай, ҚР Қорғаныс министрлігі 65229 әскери бөлімі авиациялық эскадрильясы (әскери-көліктік авиация) командирінің орынбасары Д.Гроц, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облысы бойынша департаментінің басқарма бастығы Ю.Евдокимов марапатталды.  

 

    


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің