Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

3 маусым 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті

 

Отырыс барысында Мемлекеттік хатшы Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформа мен Ұлт жоспарының 100 нақты қадамының әрқайсысы білімге және үздік технологияларға сүйенетінін, олар заманауи Қазақстан қоғамының іргетасы әрі зияткерлік әлеуетіне айналатынын атап айтты.

Г.Әбдіқалықова жоғары технологиялық экономикалық өсім үшін Ұлт жоспарын орындау, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында адами капиталды дамыту ісінде Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы зиялылары жетекші рөл атқаратынына тоқталды.

2015 жылғы Қазақстан Республикасының Ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қарауына 26 жұмыс ұсынылды. Отырыс барысында Мемлекеттік сыйлықты тағайындауға ұсынылған жұмыстар жөніндегі мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама қорытындылары мен сараптамалық-талдау нәтижелері қарастырылды. Атап айтқанда, физика-математика, техника, химия-технология ғылымдары, биология және ауыл шаруашылығы ғылымдары, қоғамдық-гуманитарлық және медицина ғылымдары, металлургия және жер туралы ғылымдар бағыттары бойынша секциялар төрағалары өз ұсынымдарын ортаға салды.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия Қазақстан Республикасының Ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығын беру үшін алдын ала іріктеуден өткен жұмыстар тізбесін бекіту туралы шешім қабылдады. Жұртшылық кеңінен талқылау үшін бұл жұмыстар «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің таяу уақыттағы нөмірлерінде жарияланатын болады.    

Ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық Қазақстан Республикасы Президентінің  Жарлығымен 2015 жылғы каңтарда жарияланды, ол үздік ғылыми зерттеулер, енгізілген инновациялар үшін беріледі. Сыйлықтан үміткер болу үшін мүлде жаңа өнім және технология әзірлеу, оларды экономиканың түрлі салаларында енгізу жөніндегі ғылыми-технологиялық, инновациялық қызметтің мойындалған нәтижелерін ұсынуға болады. Әл-Фараби атындағы сыйлыққа ұсынылған жұмыстың Қазақстан халқы үшін экономикалық және әлеуметтік тиімділігі болуы тиіс.   

Ғылым мен техника саласындағы сыйлықтар екі жылда бір рет беріледі. Сыйлық көлемі – 18,6 миллион теңге. Аталған шаралар ғалымдар еңбегін және олардың ғылымға, ғылымды қажетсінетін экономиканы дамытуға қосқан айқын үлесін ынталандыруға бағытталған. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар