Жаңалықтар

23 қазан 2009
23 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасына ресми сапары одан әрі жалғасты.

Елбасы Н. Назарбаев Анкара қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының штаб-пәтеріне келді. Онда Мемлекет басшысы аталған ұйымның жұмысымен танысты. Сонымен қатар, ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдерімен әңгімелесті. Осы шара барысында Президент Н. Назарбаевқа «Еуразия» ордені табыс етілді. 

Одан кейін Қазақстан басшысы №1 Анкаралық индустриалды аймағындағы нысандармен, «Арчелик-Бико» электро-техникалық зауыттың өнімдерімен танысты. 

Түстен кейін Президент Н. Назарбаев бастаған қазақстандық делегация Стамбұл қаласына ұшып келді. 

Қазақстан көшбасшысының ресми сапарының бағдарламасы өте тығыз әрі мазмұнды іс-шараларға толы болды. Атап айтқанда, Стамбұлда Н. Назарбаев Түркияның ірі кәсіпкерлерімен екіжақты кездесулер өткізді. Ең алдымен Елбасы Астана құрылысына инвестиция салған түркиялық ірі кәсіпкер, Окан университеті қамқоршылық кеңесінің президенті Бекир Оканмен кездесті. Бірінші болып сөз алған Б. Окан: 

- Еуразия аймағы үшін көп еңбек сіңіргендіктен, мен Нұрсұлтан Назарбаевты жаңашыл, реформатор дегім келеді. Өйткені, ол елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, халықтың бірлігін нығайтуға зор үлес қосып жүр. Біз Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған ТҮРКСОЙ ұйымын одан әрі дамытуға атсалысамыз. Университет Сенаты Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай еңбегін жоғары бағалай отырып, «Окан университетінің Тұңғыш Құрметті Докторы» атағын беруді ұйғарды,- деп Н. Назарбаевқа құрметті атақты тапсырды. 

«Біз студенттерге жыл сайын мемлекеттік грант бөлеміз. Сіздер де өзара тәжірибе алмасу үшін грант бөліп, біздің жастарымыздың терең білім алуына жағдай жасауларыңызды қалаймыз» деді Н. Назарбаев. 

Елбасы сондай-ақ «Чалык Холдинг» компаниясының басқарма төрағасы Ахмет Чалык, «Кибар Холдинг» компаниясының басқарма төрағасы Али Кибар, «Хедеф Альянс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Етхем Санжак, «Чукурова Холдинг» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мехмет Қарамехмет және «Фиба Холдинг» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хюсн Озиегин сынды Түркия Республикасының ірі кәсіпкерлерімен кездесіп, оларды серпінді дамып келе жатқан Қазақстан экономикасына инвестиция салуға шақырды. 

Бұдан соң Елбасы Стамбұл қаласының Конгресс-орталығында өткен Мемлекет басшыларының қазақстандық-түркиялық бизнес-форумына қатысты. 

Бизнес-форумда сөз алған Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүл «Қазақстан Президентінің Түркияға сапары барысында екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы Шартқа қол қойылғаны тарихи оқиға болды» деп үлкен баға берді. 

- Біздің атажұртымыз – Қазақстан. Ешқашан атажұртты ұмытқан жоқпыз. Сондықтан да 17 жылдан бергі арман-тілегіміз болған Түркі Кеңесі құрылды. Оны құруға бастамашы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Оның басшылығымен Қазақстан халықаралық аренада маңызды рөлге ие. Келешекте Түркия кәсіпкерлері Қазақстанға өз үлестерін қосқылары келеді,- деді Түркия Президенті А. Гүл. 

Одан кейін сөз Қазақстан басшысына берілді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік байланыстардың жылдан-жылға нығайып келе жатқанына тоқталды.

- Біз кезінде Ұлттық Қорға мол қаржы жинап, соның көмегімен әлемдік дағдарыстан шықтық. Ел экономикасын көтеруге 19 миллиард доллар қаражат салдық. Соның нәтижесінде 400 мың жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік саланы көтердік. Мысалы, зейнетақы мен шәкіртақыны 25 пайызға көбейттік. Ауыл шаруашылығы саласына қомақты қаржы құйдық. Ол өз нәтижесін беріп, біз 23 миллион тонна астық жинап отырмыз. Бұл рекордтық көрсеткіш. 

Дағдарыстан кейінгі кезеңде табиғи ресурстарға бай Қазақстан одан әрі өркендей түседі,- деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. 

Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан 2010 жылдан бастап жаңа он жылдық Индустриалдық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға көшетінін атап өтті. Біздің еліміз жеті үлкен сала бойынша экономикалық өрлеудің жаңа жолына түсетініне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстанда ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, химия, фармацевтика салалары, инфрақұрылым, металлургия дамитынына түркиялық бизнесмендер назарын аударды. «Сіздер осы салаларға инвестиция салып, бизнестеріңізді өркендетіңіздер. Бізде оған толық мүмкіндіктер бар, мен соған шақырамын» деді Мемлекет басшысы сөзін аяқтай келе. 

Қазақстан лидері «бауырлас Түркия еліне жасаған сапарым өте табысты өтті» деп ресми сапардың қорытындысына жоғары баға берді. 

Сол күні кешкісін Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың ресми сапары аяқталды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар